Қазақстан 1:50 000 масштабындағы егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге көшуде

Қазақстан 1:50 000 масштабындағы егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге көшуде

2026 жылғы 13 ақпанда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Геология комитеті төрағасының м.а. Қанат Ерубаев 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасының іске асырылу барысын таныстырды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда геология — экономиканы дамытудың стратегиялық құралына айналды. Мыс, алтын, сирек жер элементтері және басқа да стратегиялық маңызды ресурстарға жаһандық сұраныс артып отырған кезеңде Қазақстан геологиялық деректердің дәлдігін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге басымдық беруде.

Бағдарламаның негізгі бағыты — бұрын қолданылған 1:200 000 масштабынан халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 1:50 000 масштабындағы егжей-тегжейлі түсірілімге көшу. 2025 жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта детальды түсірілім жобалары дайындалды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде алтын, мыс, қорғасын, мырыш және өзге де пайдалы қазбаларға қатысты 29 перспективалы алаң анықталды.

Көмірсутек бағытында да жұмыстар жалғасуда. Арал бассейнінде 20-дан астам мұнай-газға перспективалы учаске айқындалып, оларды аукционға шығару жоспарлануда.

Салада цифрландыру үдерісі қарқынды жүргізілуде. Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, 66 мыңнан астам геологиялық есепке қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5%-ы цифрлық форматқа көшірілді, бұл жұмыс 2026 жылы толық аяқталады.

Алдағы үш жылда мемлекеттік геологиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге қарастырылған. 2027 жылы алғашқы перспективалы учаскелерді аукционға шығару жоспарланып отыр.

«Біз ақпарат жинау кезеңінен оны терең талдау және инвестициялық іске асыру кезеңіне көшудеміз», — деп атап өтті Қанат Ерубаев.