
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне отандық өндірушілерді тіркеу барысы туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте баяндама жасады. Кеңеске мұнай-газ және энергетика салаларының, тау-кен және металлургия өнеркәсібінің, агроөнеркәсіп кешенінің бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтардың мүшелері мен барлық өңірден келген сарапшылар қатысты. Іс-шара «Атамекен» ҰКП алаңында өтті.
Министрдің хабарлауынша, 2025 жылы нормативтік-құқықтық база дайындалып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап СТ-KZ нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттардың орнына Тізілімнен берілетін үзінді көшірме енгізілді.
«Тізілімді енгізу деректерді шоғырландыруды қамтамасыз етуге, «жалған өндірушілерді» анықтауға, ашықтықты арттыруға және отандық компаниялардың жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Маңызды аспектілердің бірі – отандық тауар өндіруші мәртебесін тану рәсімдерін дебюрократияландыру. Бұл өндірістік нысандарға барып тексеруді барынша азайтуға, сондай-ақ жеке аудиторлардың қатысуын болдырмауға бағытталған. Барлық рәсім тегін жүзеге асырылады», – деп мәлімдеді Ерсайын Нағаспаев.
6 ақпандағы жағдай бойынша жүйеде 5 608 компания авторизациядан өтті, 13 533 өтінім берілді. Тізілімде 783 кәсіпорыннан 3 490 өтінім тіркелген (оның ішінде 478-і – индустриялық сертификат иелері). Олар машина жасау, құрылыс индустриясы, металлургия, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтиды.
«Өтінімдердің қабылданбау фактілері де бар – 705 кәсіпорыннан 3 710 өтінім кері қайтарылды, олардың ішінде 408-і өндірісті бағалау кезеңінен өте алмаған индустриялық сертификат иелері. Мысалы, машина жасау саласында персонал саны мен материалдық-техникалық базаның мәлімделген өндіріс көлеміне сәйкес келмеуі анықталды, химия саласында компоненттерді «араластыру» түріндегі қарапайым операциялар, ал жеңіл өнеркәсіпте өндірістік қызметке қатысы жоқ бейнематериалдардың жүктелуі тіркелді. Осылайша, жүйе бүгінде нақты өндірушілерді айқындау жөніндегі өзінің негізгі функциясын толық көлемде орындап отыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр ведомствоның «Атамекен» ҰКП және өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп, Тізілімге өтінім беру кезінде кәсіпорындарға жүйелі қолдау көрсетуді және талаптардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, тұрақты өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасу жолға қойылған.
Айта кетейік, мемлекеттік ақпараттық жүйені іске асыру Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Электрондық қаржы орталығы» АҚ бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.