
Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне тіркелген кәсіпорындар саны артып келеді. 2026 жылғы 4 ақпандағы жағдай бойынша «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесіне 13 242 өтінім түскен. 524 субъектіден берілген 3 463 өтінім қайтарылды, оның ішінде 43 компанияның 208 өтінімі төмен скорингке байланысты қабылданбады. Бұл қорытынды шешім емес, анықталған кемшіліктер түзетілгеннен кейін кәсіпорындар өтінімді қайта тапсыра алады.
Жалпы, бүгінгі таңда Тізілімде 762 субъектіден 3 393 өтінім тіркелген. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп, кәсіпорындардан өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тізілімге қатысты түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, кәсіпорындарға арналған қосымша бейненұсқаулықтар әзірленді. Бірінші бейненұсқаулықта жеке кабинетте өтінімнің мәртебесін қадағалау тәртібі көрсетілсе, екінші нұсқаулықта жүйеден үзіндіні жүктеу тәртібі түсіндірілген.
Бұған дейін Тізілімге тіркелу бойынша қадамдық нұсқаулық дайындалып, бейненұсқаулық Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ «QazIndustry» орталығының ресми сайттарында орналастырылған.
Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне көшу отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқанын еске саламыз. Жаңа цифрлық платформа деректерді шоғырландыруды қамтамасыз етіп, «жалған өндірушілерді» анықтауға мүмкіндік береді, рәсімдердің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті кеңейтеді.