
Қазақстанның құрылыс саласы ұлттық экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл атқарып келеді. Ол инвестицияларға тұрақты сұраныс қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде. Мемлекеттің дәйекті саясаты мен жүйелі реформалары құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым саласын дамудың жаңа деңгейіне шығарды.
Тұрғын үй қорын жаңғырту және қалалық ортаның сапасын арттыру
Бүгінде еліміздің тұрғын үй қоры шамамен 59 мың көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Олардың 63 пайыздан астамы қанағаттанарлық жағдайда. Көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 2026–2028 жылдарға 363 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге 20,7 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын бөлу көзделген.
2020 жылдан бері жергілікті атқарушы органдарға 0,1% мөлшерлемемен берілген бюджеттік несиелер есебінен 1 015 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің үлесі 33,1%-дан 28,8%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар реновация бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 79 апатты тұрғын үй сүріліп, 2 мыңнан астам меншік иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл тығыз салынған аумақтарды жаңартуға және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Тұрғын үй құрылысын дамыту және тұрғын үйдің қолжетімділігі
Мемлекет тұрғын үй құрылысын ынталандыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруда. Соңғы жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 217,8 млрд теңгеге 14,5 мың арендалық пәтер сатып алынды. Сондай-ақ 140,2 млрд теңгеге 14,1 мың кредиттік тұрғын үй салынды және сатып алынды.
Ипотекалық бағдарламалардың дамуы да маңызды серпін берді: соңғы кезеңде «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 233 млрд теңге сомасына 8,6 мыңнан астам ипотекалық қарыз берілді.
2026 жылы жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын 155 млрд теңгеге дейін сатып алу, сондай-ақ 12 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық қарыз беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үйді есепке алу мен бөлудің жаңа тәсілдері
Маңызды институционалдық қадам ретінде «Отбасы банк» АҚ-ға ұлттық даму институты мәртебесі беріліп, оған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және жалдамалы тұрғын үйді бөлу функциялары жүктелді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 951 мың азамат тіркелген.
Қабылданған заңнамалық өзгерістер азаматтарға бұрын берілген жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру құқығын іске асыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам отбасы пайдаланды, оның ішінде шамамен 9 мыңы тұрғын үйді өтеусіз негізде алды.
Құрылыс қарқынының тұрақтылығы және инвестициялардың өсуі
Құрылыс саласы тұрақты өсімді көрсетуде: қатарынан үшінші жыл жоспарлы көрсеткіштерден жоғары тұрғын үй пайдалануға берілуде. 2025 жылы жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 185,8 мың тұрғын үй бірлігі пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті, оның 3,5 трлн теңгесі — жеке инвестициялар. Бұл бизнес қауымдастықтың жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа деген жоғары сенімін көрсетеді.
Үлестік құрылыс саласындағы ашықтық және азаматтарды қорғау
Үлестік құрылыс нарығын өркениетті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қабылданған заңнамалық нормалар көлеңкелі схемаларды жойып, үлескерлердің құқықтарын қорғауды күшейтті және адал құрылыс салушылар үшін тең жағдай жасады.
Мониторингтің цифрлық құралдары енгізілді. Атап айтқанда, «Тұрғын үй порталы» платформасындағы аналитикалық дашбордтар, eGov mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы нысандарды тексеру сервистері, сондай-ақ азаматтарға кеңес беру үшін iBota зияткерлік чат-боты іске қосылды.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға қомақты инвестициялар бағытталды. 2025 жылы бұл мақсаттарға 242 млрд теңге бөлініп, су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38%-ға, су бұру желілерінің тозуы 54%-ға дейін төмендеді.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 1,9 трлн теңге инвестиция тарту, мыңдаған шақырым инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ 45 кәріз-тазарту құрылысын салу немесе қайта жаңғырту жоспарлануда.
Цифрландыру және жаңа Құрылыс кодексі
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Құрылыс кодексі саланы жүйелі түрде жаңғыртудың берік негізіне айналды. Құжат құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді, кепілдік мерзімдерді ұзартады және объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бірыңғай цифрлық тәсілдерді енгізуді көздейді.
2026 жылдың қаңтарынан бастап «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін, құрылыс процесіне қатысушылардың барлығы үшін ашық әрі айқын өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылды.
Құрылыс – экономикалық дамудың драйвері
Құрылыс және коммуналдық салаларды кешенді жаңғырту, цифрлық шешімдерді белсенді енгізу және инвестиция көлемінің тұрақты өсуі құрылыс саласының Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы негізгі факторлардың бірі болып қала беретінін дәлелдейді. Бұл өз кезегінде елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалыптастырады.