Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі: қандай өтінімдер кері қайтарылады

Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі: қандай өтінімдер кері қайтарылады

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кәсіпкерлерден Қазақстандық тауар өндірушілер реестріне енгізу үшін өтінімдер түсіп жатыр. Оларды қарау барысында ұсынылған мәліметтердің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар жағдай анықталды.

Тексеру нәтижесінде мынадай сәйкессіздіктер анықталды:

- мәлімделген өнім кодтары арасындағы айырмашылықтар;

- жеке меншіктегі жабдықтың немесе өндірістік қуаттардың бар екенін растайтын құжаты жоқ шарттар;

- шынайы емес фото және бейнематериалдарды пайдалану;

- қызметкерлер саны мен материалдық-техникалық базаның мәлімделген өндіріс көлемдеріне сәйкес келмеуі белгілі болды.

Мысалы, бір кейсте компания 50-ден астам қызметі барын мәлімдеген, алайда деректерде тек бір ғана тігін жабдығы көрсетілген. Сонымен қатар, кәсіпорын ұсынған дистрибьюторлық шартта өндірістік жабдыққа меншік құқығының немесе оны пайдалану фактісінің растамасы болмаған.

Сондай-ақ «Сервис-Фо» ЖШС өзге жиһаз өндірушісі ретінде өтінім берген, алайда цифрлық верификация барысында Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларымен бекітілген өлшемшарттар бойынша өндірістік қызметтің төмен көрсеткішін алып, тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім шығарылды.

Осы орайда, бас тарту жөніндегі шешімде көрсетілген ескертулерді жойып, деректерін белгіленген талаптарға сәйкестендірген компаниялар өтінімді қайта тапсырып, содан кейін тізілімге енгізілуге мүмкіндігі бар екенін айта кету керек. Бастысы – талапқа сәйкестендіріп, өтінімді қайта жіберу қажет.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тізілімге енгізу үшін өтінім беретін компанияларды құжаттарды дайындауға барынша жауапкершілікпен қарап, тек шынайы әрі дәл ақпарат ұсынуға шақырады.

Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу тек ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығы қамтамасыз етілген, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкес нақты өндіріс болған жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өткен жөн.

Бұзушылықтар анықталған жағдайда министрлік тізілімге енгізуден бас тарту немесе қолданыстағы заңнама аясында өндіріс орындарына қосымша көшпелі тексерулер жүргізу құқығын өзіне қалдырады.

Сонымен қатар, адал тауар өндірушілерді тізілімге енгізу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

Бүгінгі статистикаға тоқталсақ, индустриялық сертификаттар тетігі арқылы Тізілімге 1 924 кәсіпорын енгізілген. Жүйеде 5 435 компания авторизациядан өткен, барлығы 12 938 өтінім тапсырылған. Қарау нәтижесінде 739 субъектіден түскен 3 210 өтінім тіркелді, олардың 447-еуі – индустриялық сертификат иелері. Сонымен бірге, 497 кәсіпорыннан түскен 3 176 өтінім кері қайтарылды.