
Отандық кәсіпорындар бүгінде цифрлық кезеңге қадам басып, жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізуде. Бұл үдеріс өткен жылы іске қосылған 2025–2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллекттің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі Жол картасының аясында жүзеге асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген бұл құжат өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын жеделдетуге және нейрожелілерді іс жүзінде қолдану аясын кеңейтуге бағытталған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасына 11 ірі кәсіпорында жүзеге асыру үшін 41 жобаны енгізді. Олардың қатарында «Qarmet» АҚ, «Алтыналмас» АҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазфосфат», «Қазмырыш», Solidcore Eurasia, «Қайнар-АКБ», Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Еуразиялық топ (ERG) және «KAZ Minerals» тобы сияқты өнеркәсіптік компаниялар бар. Бұл кәсіпорындарда цифрлық жаңғырту жұмыстары бұған дейін де жүргізілген, алайда Жол картасы осы процестерді жаңа деңгейге көтеріп, қазірдің өзінде нақты экономикалық нәтиже көрсете бастады.
Жол картасын іске асырудың практикалық кезеңі ретінде 2025 жылдың қазан айында Industrial AI Acceleration бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама қысқа мерзім ішінде ірі кәсіпорындарға енгізілетін инновациялық шешімдерді іріктеп, оларды дайындауға мүмкіндік берді. AI Acceleration жүзеге асыру барысында оған өнеркәсіптік компаниялардың 220-дан астам өкілдері, технологиялық стартаптар және салалық сарапшылар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы 20-дан астам халықаралық маман қатысты. Акселерация аясында 95 трекшн-митинг (нәтижелерді талқылау кездесулері), 50 сағаттан астам оқу және практикалық воркшоптар өткізілді, сондай-ақ әлеуетті тапсырыс берушілерге 136 ЖИ-шешімнің таныстырылымы ұйымдастырылды.
Осы жұмыстың нәтижесінде 24 пилоттық жоба қолға алынды, оның жетеуі өндірістік пайдалану кезеңіне енгізілді, қалған 17 жоба 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосуға дайындық кезеңінде.
Жол картасы аясында «СарыарқаАвтоПром» автозауытында жедел әрекет ету орталығы құрылды. AI жүйесі камералар мен датчиктерден алынған деректерді талдап, оқиғаларды бірден анықтайды және қауіпсіздікке қатысты қателіктердің алдын алады. Нәтижесінде инциденттерді анықтау уақыты қысқарып, жалған дабылдардың саны азайды және қауіпсіздікті бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесі қамтамасыз етілді.
ERG компаниясында өндірістік және бизнес-үдерістерді біріктіретін ERG MES (Manufacturing Execution System) цифрлық платформасы енгізілді. Бұл жүйе өнім шығару көрсеткіштерін, технологиялық параметрлерді, жабдықтың тоқтап қалуы мен шығындарын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. ERG MES Ақтөбе және Ақсу ферросплав зауыттарында, Қазақстан электролиз зауытында және Дөң кен байыту комбинатында енгізілген. Қызып кетудің салдарынан тоқтап қалу ұзақтығы 75% қысқарды, анықталған ақаулардың 80% операторлар растады.
Жүйеге MES Alina сандық көмекшісі енгізілген, ол дауыстық немесе мәтіндік сұраным бойынша қажетті есептерді, экрандарды ашады және жабдықтардан деректерді алады. Бұл өндірістегі ауытқуларға жауап беру уақытын қысқартып, операторлардың жұмыс тиімділігін арттырады. Өткен жылы ERG MES жүйесін енгізудің экономикалық әсері шамамен 1,5 млрд теңгені құрады. Бұл өнеркәсіп секторындағы цифрландырудың жай ғана сән емес, нақты есепке негізделген және табыс әкелетін тетік екенін айқын көрсетеді.
Қазақстандағы ірі мыс өндіруші - KAZ Minerals өндірістік алаңдарында да жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілуде. Мысалы, Абай облысындағы «Ақтоғай» кенішінде көлік ағындарын оңтайландыру үшін ЖИ құралдары интеграцияланған жаңартылған HxGN Systems диспетчерлік жүйесі іске қосылды. Бұрын диспетчер бірнеше экранға қарап, рация арқылы самосвал жүргізушілеріне нұсқау берсе, жаңа жүйе бұл процесті автоматты түрде және әлдеқайда дәлірек орындайды.
Solidcore Eurasia (Бақыршық кен өндіру кәсіпорны) компаниясында қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған медициналық тексерулердің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.
Жол картасы аясындағы бастамаларға мемлекеттік қолдаудың үлесі зор. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының қатысуымен жүзеге асырылатын шаралар кәсіпорындарды цифрлық трансформация бойынша оқытуды, консультативтік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуді, сондай-ақ компаниялардың цифрлық технологияларды енгізу шығындарын өтеуді қамтамасыз етеді. Өткен жылы мамандар кәсіпорында технологиялық аудит жүргізіп, өндірісті цифрландыру бойынша 20-дан астам ұсыным әзірленді.
Биыл Жол картасы аясында кәсіпорындарда цифрландыру жұмыстары жалғасады. Роботтандырылған техника, интеллектуалды жүйелер, бейнеаналитика, ЖИ-ассистенттер, цифрлық егіздер, Big Data платформалары және басқа да шешімдерді енгізу жобалары жоспарланған. Жалпы, бұл шаралар кәсіпорындардың цифрлық әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.