Қазақстанда құрылыс жобаларын сараптауда жасанды интеллект қолданыла бастайды

Қазақстанда құрылыс жобаларын сараптауда жасанды интеллект қолданыла бастайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту және енгізудің маңыздылығын бірнеше рет атап, бұл технологияларсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін айтқан болатын.

Осы жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы 2026 жылды Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

Осыған байланысты 2026 жылдың бірінші тоқсанында Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталында пилоттық режимде жасанды интеллект технологияларын қоладана отырып шешімдерді енгізу жоспарланған. Олар құрылыс жобаларын кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізу барысында жүктелетін бастапқы және рұқсат беру құжаттарының толықтығын тексеруді автоматтандыру үшін қолданылады.

Келесі кезеңде технологияны сметалық есептердің дұрыстығын және жобалық шешімдердің қолданыстағы нормаларға сәйкестігін тексеруге бейімдеу жоспарланған. 

Еске сала кетейік, құрылыстың барлық кезеңінде қолданылатын салалық және мемлекеттік ақпараттық жүйелер «бір терезе» қағидаты бойынша біріктірілген бірыңғай құрылыс порталы 2026 жылдың басынан бастап іске қосылды.

Порталда мынадай қызметтер қолжетімді:

- жобалау үшін бастапқы және рұқсат беру құжаттарын пилоттық режимде алу;

- инженерлік ізденістерді ұйымдастыру және жобалау жұмыстарын жүргізу;

- кешенді ведомстводан тыс және қала құрылысы сараптамасын өткізу;

-жобалардың ашық тізілімі және аттестаттау;

- құрылыс компаниялары мен мамандарын аккредиттеу және лицензиялау;

- геопорталға және үлестік құрылыс порталына қол жеткізу;

- нысандарды пайдалануға қабылдау (пилоттық режимде);

- құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі модулі.

Қосымша порталда BIM-модуль жұмыс істейді — бұл ғимараттардың ақпараттық модельдерін (Building Information Modeling) және оларға қатысты барлық байланысты ақпаратты көруге мүмкіндік беретін цифрлық құрал, сондай-ақ онда ғимараттарды ақпараттық модельдеу технологиясын қолдануға қатысты нормативтік-құқықтық база орналастырылған.