Цифрлық тексеру жалған өндірушілерді анықтады: КТП тізіліміне кімдер өтпеді

Цифрлық тексеру жалған өндірушілерді анықтады: КТП тізіліміне кімдер өтпеді

2026 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша Мемлекеттік ақпараттық жүйе — «Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне» енгізу үшін 11 609 өтінім берілді. 457 субъектіден 2 556 өтінім кері қайтарылды, оның ішінде 41 компанияның 206 өтінімі төмен скорингке байланысты қабылданбады.

Бүгінгі таңда Тізілімде 605 субъектіден 2 671 өтінім тіркелген.

Кейбір кәсіпорындардың өтінімдері өндірістік қызметтің расталған белгілерінің болмауына байланысты қабылданбады. Атап айтқанда, «SapAZ» ЖШС, «ДатаХимПром» ЖШС, «SamrukOrda» ЖШС, «Reemax» ЖШС, «Golden Way LTD» ЖШС, «Шебер» ҚОБ және «DD21» өкілдері ұсынған құжаттар мен бейнематериалдарда көрсетілген қызмет тәсілдері мен форматтары мәлімделген деректерге сәйкес келмеген.

«Цифрлық верификация қазақстандық тауар өндіруші мәртебесінің формалды түрде берілуіне жол бермейді. Тізілім тек құжаттар пакетін ғана емес, нақты өндірістік қызметтің бар-жоғын тіркейді», — деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ішкі құндылықтар департаментінің директоры.

Еске сала кетейік, индустриялық сертификаттар негізінде бұрын өз мәртебесін растаған 1 924 кәсіпорын КТП тізіліміне автоматты түрде енгізілді.

КТП тізілімі қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін растаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастырып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және мәртебенің формалды түрде берілуін болдырмауға бағытталған.