Өнеркәсіп және құрылыс министрі «Қазақмыс» корпорациясының басшысымен кездесті

Өнеркәсіп және құрылыс министрі «Қазақмыс» корпорациясының басшысымен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен кездесу өткізді.

Кездесу барысында министр металлургия экономиканың ең ірі секторларының бірі екенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі тау-кен металлургия кешенінің үлесі 40%-ды құрайды. Металлургиядағы катодты мыс өндірісінің үлесі 23%, оның 78%-ы «Қазақмыс» компаниясына тиесілі», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сондай-ақ өндірістердің тұрақты жұмыс істеуі, еңбек қауіпсіздігі, жаңғырту және технологиялық жаңару мәселелері талқыланды.

«Тау-кен металлургия кешені қауіптілігі жоғары салаларға жатады, сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және қауіпті учаскелерде бақылауды күшейту қажет. Сонымен қатар өнеркәсіптік блокта жасанды интеллект технологияларын енгізу мен өндірістік процестерді цифрландыруға ерекше назар аудару маңызды», — деп атап өтті министр.


Бұл ретте Ерсайын Нағаспаев түсті металлургиядағы стратегиялық басымдық ел ішінде өңдеуді дамыту екенін айтты.

Сонымен қатар министр мемлекет үшін кәсіпорындардың жабдықтарды жаңартуға инвестиция салуы, қайта өңдеу сатыларының тиімділігін арттыруы және технологиялар есебінен шығындар мен экологиялық жүктемені төмендетуі маңызды екенін жеткізді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі негізгі ойыншылардың бірі болып табылады. Компания Балқаш, Жезқазған және Қарағанды алаңдарында орналасқан кеніштерді, байыту фабрикаларын және мыс балқыту зауыттарын біріктіреді. 2025 жылы компания 365 мың тонна катодты мыс өндірді