Қаржылық сауаттылық: Министрлік қызметкерлері үшін дәріс өткізілді

Қаржылық сауаттылық: Министрлік қызметкерлері үшін дәріс өткізілді

Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Көлік министрлігінің қызметкерлері үшін «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында дәріс өтті. Іс-шараны «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Астана қаласы бойынша ментор, қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев жүргізді.

Дәріс барысында жеке қаржыны басқарудың практикалық құралдары қарастырылды, оның ішінде қаржылық жағдайды диагностикалау, кірістер мен шығыстарды талдау, бюджетті қалыптастыру, сақтық қорын құру, сондай-ақ жинақтау және инвестициялау қағидаттары қамтылды.

Кредиттерді саналы пайдалану мәселесіне, номиналды, нақты және тиімді пайыздық мөлшерлемелер арасындағы айырмашылықтарға, сондай-ақ күрделі пайызға байланысты тәуекелдерге ерекше назар аударылды. Сарапшы кредиттік жүктеменің қалыптасу тетіктерін, аннуитеттік және дифференциалды төлем түрлерін, қарызды мерзімінен бұрын өтеу шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, борыштық тәуелділікті төмендету бойынша ұсынымдар берді.

Депозиттік құралдарға, салымдар бойынша мемлекеттік кепілдіктерге, білім беру мен балаларға арналған жинақтау тетіктерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді жинақ бағдарламаларына арналған жеке бөлім ұсынылды.

Дәріс қаржылық тәртіпке, жеке бюджетті қорғауға және салмақты қаржылық шешімдер қабылдауға басымдық берілген қолданбалы форматта өтті. Алынған білім мемлекеттік қызметшілердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және жеке қаржыны жауапкершілікпен басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.