Жасанды интеллектті енгізу Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін қалай өзгертуде

Жасанды интеллектті енгізу Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін қалай өзгертуде

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде жасанды интеллекті пайдалану айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелуде. Өндіріс пен логистиканы жоспарлауда ЖИ алгоритмдерін қолданатын компаниялар өнімділіктің тұрақты өсіп, өндіріс циклінің айтарлықтай қысқарғанын атап өтуде.

Еліміздің ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында интеллектуалды басқару жүйелері жүздеген параметрді бір мезетте талдай алады. Олар өндірістің әр кезеңінде ең тиімді шешімдерді ұсынып отырады. Бұл жоғары қосылған құны бар өнімдерді жылдамырақ шығаруға ғана емес, операциялардың нақтылығын арттыра отырып, шығындар мен адами қателікті едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсер әсіресе терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындарда айқын байқалады, себебі мұнда шикізат сапасы мен технологиялық процестердің тұрақтылығы түпкілікті өнімнің сапасына тікелей ықпал етеді.

Цифрландыру компанияларға өз өнімдерін сапа мен жеткізу жылдамдығына қойылатын жоғары талаптары бар экспорттық нарықтарға шығуға да мүмкіндік береді.

Бұл үдерісте мемлекеттік қолдаудың рөлі айрықша. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «QazIndustry» АҚ қатысуымен жүзеге асыратын бағдарламалар жергілікті кәсіпорындарға оқытуға, ЖИ енгізу бойынша кеңес алуға, технологиялық процестерді жетілдіруге және цифрлық технологияларды қолдануға кеткен шығындарды өтеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру шеңберінде шағын, орта және ірі кәсіпорындар бизнес үшін елеулі тәуекелсіз инновацияларды біріктіре алатын экожүйені құруға ықпал етеді.

Мысалы, шикізатты терең өңдеу саласындағы цифрлық трансформацияның ең көрнекті мысалдарының бірі – «Алтыналмас АК» АҚ тәжірибесі. Компания өзіне қарасты барлық тау-кен байыту кешендерінде базалық автоматтандыруды толық аяқтады. Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан өндірістік нысандардың арақашықтығына қарамастан, олардың барлығына технологиялық процестерді бір орталықтан басқаруға және өндірістің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық шешімдер енгізілді.

Нәтижесінде компанияның барлық негізгі тау-кен байыту комбинаттарында («Ақсу», «Пустынное», «Ақбақай», «Жолымбет») бүгінгі таңда мынадай шешімдер қолданылуда:

-SAP S/4HANA ERP-жүйесін қамтитын ірі корпоративтік платформалар;

-Directum электрондық құжат айналымы жүйесі;

-Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға арналған цифрлық платформа;

-Microsoft экожүйесінің түрлі құралдары;

-3D модельдеу, жобалау және жоспарлауға арналған озық тау-кен-геологиялық шешімдер;

-заманауи цифрлық мониторинг жабдықтары – дрондар, лазерлік сканерлер, тахеометрлер;

-нақты уақыт режимінде техниканы басқаруға және өндіріс процестерін оңтайландыруға арналған WENCO тау-кен және көлік кешенін басқарудың автоматтандырылған диспетчерлік жүйесі;

-IT-инфрақұрылымын дамыту және корпоративтік шешімдерді интеграциялау.

Компания геологиялық барлау бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. «Ақбақай» Тау-кен байыту комбинаттарында деректерді цифрлы форматта жинауға арналған мобильді қосымшаның енгізілуі қағаз журналдарын толықтай алмастырды. Бұл ақпараттың дәлдігін арттырып, далалық жұмыстардың жүргізілуін едәуір жеделдетті. Сонымен қатар алтын өндіру фабрикасында SCADA жүйесі іске қосылып, технологиялық процестерді автоматты түрде басқаруға және жабдықтың жағдайын бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.

Жасанды интеллектті өңдеу өнеркәсібіне осылайша енгізу Қазақстандағы саланың тұрақты дамуына қуатты серпін беріп отыр. Жаһандық цифрландыру мен бәсекенің күшеюі жағдайында бұл тәсіл елге тек әлемдік нарықтағы орнын сақтап қалуға ғана емес, жоғары қосылған құны мен инновацияға негізделген жаңа өндірістік мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.