Өнеркәсіп және құрылыс министрі Канада елшісімен кездесті

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Канада елшісімен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кристофер Дугганмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары мен жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

«Қазіргі уақытта екі ел арасында дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі 7 бірлескен жоба жүзеге асырылуда», – атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Торонто қаласында өткен Канаданың кен іздеушілері мен кеншілері қауымдастығының (PDAC) ең ірі халықаралық көрмесіне Қазақстанның қатысуына ерекше назар аударылды. Министр қазақстандық делегациялардың жоғары деңгейдегі қатысуын, бұрынғы іс-шаралар аясында Ұлттық павильон мен Қазақстан-Канада бизнес-форумдары ұйымдастырылғанын айтты. Биыл жетекші отандық кен өндіру және барлау компаниялары да қатысады деп күтілуде.

Одан бөлек, 2026 жылдың сәуірінде Астанада өтетін «Geoscience & Exploration of Central Asia» атты алдағы халықаралық форумға канадалық компанияларды тарту мүмкіндігі талқыланды.

Кездесуден кейін тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға деген міндеттемелерін растады және сындарлы және мазмұнды диалог үшін алғыс білдірді.

Жыл сайынғы Канадалық іздеу және барлау қауымдастықтарының конвенциясы (PDAC) әлемдегі геологиялық және тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірі іс-шара болып табылады, оған 130 елден 25 мыңнан астам делегат, 2500-ден астам инвестициялық компания және шамамен 800 жоғары деңгейлі спикер қатысады.