
ҚР өнеркәсіп және құрылыс Вице-министрі Қуандық Қажкенов азаматтарды қабылдау орталығының алаңында өтініш берушілерді жеке қабылдады.
Қабылдау барысында құрылыс саласындағы отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық қамтуды дамытуға қатысты, оның ішінде сатып алулар саласында ұлттық режимнен шығару мәселелері бойынша өтініштер қаралды.
Бірқатар өтініштер тұрғын үй мәселелеріне арналды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үйлердің сапасына қатысты шағымдар болды.
Қабылдау кезінде қала құрылысы бақылауына қатысты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің сапасына ерекше назар аударылды. Бұл ретте құрылыс салушылардың кепілдік міндеттемелеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Барлық өтініштер мұқият тыңдалып, әрбір мәселе бойынша вице-министр тиісті түсіндірмелер беріп, мүмкін болатын шешу жолдарын атап өтті.
Азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдау – министрліктің халықпен жұмыс істеудегі жүйелі тәсілінің бір бөлігі. Бұл өзекті мәселелерге жедел ден қоюмен қатар, тұрғын үй-коммуналдық саладағы қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.