Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру: еліміздің барлық елді мекендері сумен толық қамтамасыз етілді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру: еліміздің барлық елді мекендері сумен толық қамтамасыз етілді

Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының толық орындалғаны туралы баяндады.

Вице-министрдің сөзінше Мемлекет басшысының «2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Осы жылдар аралығында бюджеттен шамамен 835 млрд теңге оның ішінде Арнаулы мемлекеттік қордан – 132 млрд теңге бөлініп, 1 600-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6087 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп отыр.

Оның ішінде ауылдардың:

  • 4747 орталықтандырылған жүйеге қосылған
  • 1102 ауылда суды тазарту блок-модульдері арқылы қамтамасыз етілген;
  • 219 халқы аз елді мекенде сумен жабдықтау жеке ұңғымалар есебінен жүзеге асырылады.
  • 19 елді мекенде шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіледі.

Аталған елді мекендерде орта есеппен 70 адамнан тұрады. Әртүрлі сумен жабдықтау тәсілдері тек қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржылық шығындарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Жұмыс барысында сумен жабдықтау сапасына айрықша басымдық беріліп, магистральдық құбырлар жаңғыртылды.

«Барлығы 9,5 шақырым желі қайта жаңартылып, кеңейтілді. Оның ішінде қалаларға қатысы 1,8 мың шақырым, ауылдарда – 7,7 мың шақырым су желілері жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің тозуы деңгейі 38%-ға дейін төмендеді. Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Халық санының өсуі, желілердің тозуы және жаңа аудандардың салынуы осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуді және қызмет сапасын арттыруды талап етеді. Бұл міндеттерді орындау үшін қаржылық инвестициялар мен басқарушылық, техникалық біліктілік қажет. Сондықтан жұмыс екі негізгі бағытта, яғни жалпы трансферттер мен Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба аясында несиелік қаражаттар есебінен жүргізілетін болады. Осы жылға жалпы трансферттер аясында 128 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сумен жабдықтауға – 78 млрд теңге, су бұруға – 50 млрд теңге», — деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Өз кезегінде, Министрлік жобалардың жүзеге асырылу барысына тұрақты негізде мониторинг жүргізетін болады. Ұлттық жоба аясында коммуналдық секторға әртүрлі қаржы көздерінен бір де тоғыз триллион теңге тарту жоспарлануда. Жобаларды кешенді жоспарлау және бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Оның басты қызметі – табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау, жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру, техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау мен мониторинг жүргізу. Алайда, аталған институт тапсырыс берушілер мен әкімдіктердің функцияларын қайталамайды, техникалық-технологиялық шешімдердің сапасы мен тиімділігін қадағалайтын болады.  Сонымен қатар қаржыландыру көзін анықтау және тарифті кепілдендіру үшін Қаржылық оператор институты енгізілді.

Қабылданған шаралар жобалық қателіктердің салдарынан туындайтын шығындар мен мерзімнің ұзаруын алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы Ұлттық жоба аясында 2,8 мың шақырым су бұру және 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілері, сонымен қатар 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңартылады. Нәтижесінде 2030 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, су бұру желілерін – 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Қазірде саланың басты проблемалық мәселелерінің бірі – қалалық кәріз тазарту құрылғыларының ескіруі болып отыр. Олардың басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған және орташа тозу деңгейі 65%-дан асып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға тікелей әсер етуде. Өткен жылы Ақтау және Леңгір қалаларында жаңа кәріз тазарту құрылғылары іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы 4 тазарту құрылғыларын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық несиелер, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мехнизмі және арнайы трансферттер сияқты әртүрлі қаржыландыру көздері арқылы тағы 45 құрылғы жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жеті жоба Еуропа қайта құру және даму банкі және Азия даму банкі несиесі арқылы жүзеге асырылады. Жобаны өтінімнен бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі бүкіл өмірлік циклді қамтитын кешенді тәсілді қамтамасыз ету мақсатында, 2025 жылғы қарашадан бастап Ұлттық жоба аясында Біртұтас электрондық платформа іске қосылды.

Платформа 5 негізгі модульден тұрады. Қазіргі таңда Министрліктің құзыреті аясында 89 жоба тіркелген, олардың ішінен ең тозған инфрақұрылымы бар табиғи монополия субъектілері бойынша 31 басым жоба анықталған. Жобаларды жүзеге асыру министрліктің бақылауында болады. Цифрландыру сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртудың ажырамас бөлігі және коммуналдық инфрақұрылымда тұрақты пайдалануды қамтамасыз етудің, жүйелі басқарудың, бақылаудың және шығындарды азайтудың қажетті шарты болып саналады. Осыған байланысты байланыс арналары арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде жинауға арналған телеметрия технологиясы бар автоматтандыру жүйелеріне және есепке алу аспаптарына қойылатын талаптарды стандарттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық жоба аясында су арналары кәсіпорындарының процестерін кезең-кезеңімен автоматтандыру көзделген, бұл шығындарды, апаттылықты және электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға, сондай-ақ жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған. Іс-шараларды жүзеге асыруға Дүниежүзілік банк қаржыландыруын тарту жоспарлануда. Отандық және халықаралық сарапшылармен бірге 5 қаладағы – Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинсктегі су арналары қызметінің бағалануы жүргізілді. Нәтижесінде процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындалды және біртұтас цифрлық шешімдерді және кезең-кезеңімен енгізуді қарастыратын техникалық-экономикалық негіздемені дайындау үшін техникалық тапсырма әзірленді.

Сумен жабдықтау аспаптарын орнату бойынша өтінімдерді қалыптастыру мақсатында әкімдіктер мен табиғи монополия субъектілерімен жұмыс жүргізілуде. 2026–2028 жылдары 3,6 миллионнан астам «ақылды» су есептеу құрылғыларын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы халыққа жолдауында су саласында халықаралық тәжірибе мен біліктілікті қолдануды, соның ішінде басқарушы компанияларды тартуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында өткен жылы жетекші еуропалық және азиялық басқарушы компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде әлем бойынша тәжірибесі бар ең ірі халықаралық желілік операторлар – Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап өтетіні, бұл формат активтерді беру емес, мемлекет бақылауын сақтай отырып, басқарушылық компетенциялар мен халықаралық үздік тәжірибелерді тартуға бағытталған. Қазіргі уақытта бірнеше азиялық компаниялармен келіссөздер жалғасуда.

Сумен жабдықтау саласын дамыту, соның ішінде цифрландыру мәселелері, Министрліктің тұрақты бақылауында. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғастырылатын болады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы