Industrial AI Acceleration: Қазақстанның ірі кәсіпорындарындағы AI-серпіліс

Industrial AI Acceleration: Қазақстанның ірі кәсіпорындарындағы AI-серпіліс

Astana Hub алаңында Industrial AI Acceleration 2025 бағдарламасының қорытындылары шығарылды. Бұл – Қазақстандағы өнеркәсіп пен орта бизнес ұйымдарының қызметіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуді көздейтін салалық акселерация.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова сөз сөйлеп, қатысушыларға белсенділік үшін алғыс айтты. Ол командалардың өнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізудегі оң үлесін атап өтті. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында елдегі цифрландыруды жақсарту қажеттілігі туралы айтты. Өнеркәсіптегі осы тапсырманы орындау аясында бағдарлама саланы цифрлық жаңғыртуға бағытталған.

Бағдарлама еліміздің түкпір-түкпіріндегі цифрлық өнертапқыштар мен ірі өнеркәсіп өкілдерін бір алаңда тоғыстырды. Барлығы 90 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша 43 команда қабылданып, олардың 38-і келісімдерге қол қойып, нақты шешімдер іздеген өнеркәсіптермен жұмысқа кірісті.

Қорытынды Demo Day аясында 33 команда өз нәтижелерін көпшіліктің назарына ұсынды. Көрме аймағында 18 қатысушы жүйелерінің жұмысын көрсетсе, питч-сессия барысында тағы 15 команда дайын өнімдер мен іске асырылған кейстерін таныстырды.

Бағдарлама AI және digital-шешімдердің дәстүрлі өнеркәсіп саласын тиімді өзгертіп жатқанын айшықтай түсті.

Сәтті енгізілген жобалардың бірі – SafeSight AI. Платформа өндірістік қауіпсіздікті бақылау үшін компьютерлік көру технологиясын қолданып, күрделі өндірістік ортада жоғары дәлдіктегі бақылауды қамтамасыз етеді.

Бағдарламаның тиімділігін жарқын нәтижелер айқындай түсті: кәсіпорындар тарапынан 56-сы айқын қызығушылық тіркелді. Қазіргі таңда 7 пилоттық жоба іске қосылды, оның бесеуі бойынша сынақты бастау туралы келісімдерге қол қойылса, тағы екі жоба бойынша құжаттарды рәсімдеу барысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 2026 жылдың I тоқсанында өндірістік алаңдарда тағы 10-нан астам пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Үш ай бойы қатысушылар кәсіпорындардың нақты сұраныстарымен жұмыс істеп, күрделі B2B сатылымдарын меңгерді, өндірістік алаңдарда шешімдерді менторлар мен салалық сарапшылардың қолдауымен сынақтан өткізіп, тексерді.

Industrial AI Acceleration аясында 12-ден астам кәсіпорын AI-командаларға 140-тан аса нақты тапсырма жолдады. Сұраныстардың шамамен 75 пайызы корпоративтік функцияларды автоматтандыруға бағытталған: HR, қаржы, сатып алу, IT, стратегия, заңнамалық сүйемелдеу және коммуникациялар. Қалған 25 пайызы өндірістік шешімдерге тиесілі, оның ішінде мониторинг, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, роботтандыру, сапаны бақылау және өндірістік қауіпсіздік бағыттары бар.