ҚазОрталык ТКШ мен «Атамекен» ҰКП тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ішкі елдік құндылықты арттыру жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ҚазОрталык ТКШ мен «Атамекен» ҰКП тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ішкі елдік құндылықты арттыру жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында Техникалық оператор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қатынастары саласында тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ішкі елдік құндылығын арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы (ҚазОрталык ТКШ) 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының техникалық операторы болып табылады.

Меморандумға қол қою салалық сүйемелдеу институттары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадамға айналды, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асыру барысында отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдану үшін салалық өндірушілердің тұрақты дерекқорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Меморандум өндірісті локализациялау бағытында тараптардың күш-жігерін шоғырландыруды, қазақстандық қамту үлесін кеңейтуді және ТКШ саласындағы инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға отандық кәсіпорындарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

Келісім аясында тараптар келесі бағыттар бойынша тиімді үйлестіруді жолға қоюды жоспарлап отыр:
• отандық өндірушілер және олар шығаратын өнім номенклатурасы туралы деректерді өзектендіру;
• энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобаларында ішкі елдік құндылық деңгейін айқындаудың қолданыстағы тәсілдері мен әдістемелерін талдау;
• локализациялауға жататын басым тауар позициялары мен технологиялық бағыттарды айқындау;
• отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету және оларды іске асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобалар туралы уақтылы ақпараттандыру;
• қазақстандық өндірістегі өнімді қолдану бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыру.

Тараптар сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдану мәселелері бойынша әдіснамалық және талдамалық сүйемелдеу жобасын әзірлеуді, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым субъектілерімен, табиғи монополия субъектілерімен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруді жоспарлап отыр.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі алаңы болып табылады, отандық өндірушілердің ұсыныстарын жинақтайды, өндірістік әлеует пен қолданыстағы кедергілерді айқындауға жәрдемдеседі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.

Меморандумды іске асыру аясында коммуналдық кәсіпорындар мен қазақстандық тауар өндірушілердің қатысуымен салалық қоғамдастықтар арасында бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар тараптар коммуналдық сатып алулар саласындағы процестердің ашықтығын арттыру мақсатында қазақстандық өнімді қолдануды мониторингтеу және талдау тетіктерін дамыту, сондай-ақ ішкі елдік құндылықты бағалау әдіснамасы мен құралдарын енгізу туралы уағдаласты.

Меморандум ережелерін іске асыру тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобаларында отандық тауарлар үлесін арттыру үшін орнықты жағдайлар жасауға, қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеуді ұлғайтуға және ел экономикасы үшін мультипликативтік әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.