
Бүгін Конгресс орталығы алаңында өткен баспасөз кездесуде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет басшысының геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы туралы айтты.
Оның айтуынша, аталған тапсырмаларды жүйелі түрде орындаудың нәтижесінде сала жүйелі жаңғырту кезеңінен өтіп отыр. Бүгін мемлекеттік есепке 103 түрлі пайдалы қазба мен еліміз бойынша шамамен 10 мың кен орны алынған. Қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 лицензия және 251 келісімшарт қолданыста, ал тек ағымдағы жылдың өзінде барлау жұмыстарына 707 лицензия және өндіруге 22 лицензия берілген.
Иран Шархан геологиялық барлау нәтижесінде алғаш рет мемлекеттік есепке 5 кен орны енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда: Көк-Жон (Болаттөбе учаскісі), Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр.
Пайдалы қазбалар қорының өсімі шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец, 1,3 млн тоннадан астам фосфориттер.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы км-ге дейін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 2 млн 14 мың шаршы км зерттелген, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн 38 мың шаршы км-ге жеткізіледі.
Вице-министрдің айтуынша, саланың келесі даму кезеңі геологиялық зерттеуді 1:50 000 масштабқа көшіру болмақ. Бұл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026–2028 жылдары 100 мың шаршы км аумақты зерттеу жоспарланған, одан кейін жыл сайын шамамен 30 мың шаршы км қамтылады.
Жұмыстар Ұлттық геологиялық қызметтің, «Центргеолсъемка» кәсіпорнының, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология институтының және жетекші салалық мамандардың қатысуымен консорциум аясында жүзеге асырылады.
Жұмыс «Тау-Кен Самұрық» қатысуымен аэрогеофизикалық, геохимиялық және сандық технологияларды пайдалануды қамтиды.
Геологиялық аналитика сапасын жақсарту үшін Ұлттық геологиялық қызметте ғылыми және технологиялық әлеует орталығы ретінде қызмет ететін заманауи, сертификатталған зертханалық кешен құрылады. Жобаға тек аналитикалық зертханалар ғана емес, сонымен қатар ел үшін бірыңғай геологиялық деректер инфрақұрылымын құратын қойма және негізгі қойма құрылысы кіреді.
Иран Шархан заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Саланы одан әрі дамытуға бағытталған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бүгін Парламент Сенатында екі оқылымда қабылданды.
Баспасөз кездесуін келесі сілтеме арқылы көре аласыз