
Медициналық бұйымдар нарығын дамыту фармацевтика саласымен қатар стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл сала денсаулық сақтау қызметінің сапасына ғана емес, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың нығаюына да тікелей ықпал етеді.
Медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік ынталандыру шаралары саланы дамытуға және отандық өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мерусар и К» компаниясы медицина мен косметология үшін стерильді және стерильді емес жинақтарды тоқыма емес материалдардан өндіреді. Бұл бағыт Қазақстанда медициналық нысандардың көбейуі мен сұлулық салондарына сұраныстың өсуіне байланысты қарқынды дамуда.
Өнімге сұраныстың артуы және нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің өсуі кәсіпорын басшылығын шығарылатын өнімдер желісін кеңейтуге итермеледі. Қазір мұнда медициналық бұйымдарды орау және стерильдеу үшін Tyvek медициналық пакеттері шығарылады. Оларды өндіру үшін компания Қытайдан шамамен 31 млн теңгеге жабдық сатып алды. Орау машинасы пакеттерді термиялық тығыздағыш құралмен қаптайды. Станок тәулігіне 9 600 пакет шығара алады.
Мемлекет технологиялық жабдықты сатып алу шығындарының бір бөлігін өтейтіні туралы білген «Мерусар и К» компаниясының өкілдері «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жүгінді. Орталықтың бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары осы мәселе бойынша кәсіпорынға толық кеңес беріп, нәтижесінде биыл қараша айында компанияға жабдық құнының 40%-ы, яғни 12,5 млн теңге көлемінде қаражат өтелді.
«Бұл біз үшін айтарлықтай қолдау болды. Жабдықты сатып алуға салынған қаражаттың жартысына жуығы мемлекет тарапынан өтелді. Енді бұл қаржыны өндірісті одан әрі жаңғыртуға бағыттап, кәсіпорынның дамуын жеделдетуге болады», – атап өттті «Мерусар и К» ЖШС директоры Марат Маханов.
Жабдықтың жұмысы айтарлықтай нәтижелер беруде. Жаңа өнім түрінің пайда болуы кәсіпорын табысын алғашқы жылдың өзінде 20 млн теңгеге арттырды. Сонымен қатар бұл станок өздері шығаратын медициналық жиынтықтарды қаптауға қажетті пакеттерге сұранысты толық жабуға мүмкіндік берді. Жабдықты басқару үшін қосымша жаңа жұмыс орны ашылды.