Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады: инвестициялық келісімге қол қойылды

Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады: инвестициялық келісімге қол қойылды

Қызылорда облысында 44 млрд теңгеден астам сомаға заманауи санитарлық-техникалық өнімді өндіру және құрастыру зауытын салуға арналған инвестициялар туралы келісім жасалды. Оған бір тараптан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, екінші тараптан испаниялық Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны – «РОКА Қазақстан» ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды.

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту және импортты алмастыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін локализациялауды арттыру бойынша қойған міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.

Зауыт керамикалық санитарлық өнімдерді, жуынатын бөлмелерге арналған жиһаздарды және өзге де бұйымдарды өндіруге және құрастыруға маманданатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Жоба шеңберінде 300-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру көзделген.

Кәсіпорын үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейі бар және экологиялық қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдерді шығару бойынша Қазақстандағы алғашқы өндіріс болмақ.

Жобалық қуаттылығы жылына 500 мың бұйымды құрайды. Шығарылатын өнімді Қазақстанның ішкі нарығына жеткізу және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда. 

Зауытты іске қосу қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, инвестициялар туралы келісім жасасу жоспары Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group Директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Роктың осы жылдың маусым айындағы кездесуі барысында талқыланған болатын. Осылайша, құжатқа қол қойылуы және жұмыстардың басталуы ел экономикасының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың нәтижесін және инвесторлар сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Құжатқа қол қою барысында Roca Group өкілдері Қазақстан олар үшін стратегиялық маңызды нарық болып саналатынын атап өтті. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалға оң баға берді.

Анықтама: Roca Group – 100 жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтарды өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания бүкіл әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады, онда 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өнімдері 170-тен астам елге тарайды және жоғары сапалы, инновациялық шешімдер мен еуропалық стандарттарға сәйкес болғаны үшін кеңінен танымал.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы