
Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС-мен бірлесіп Әлихан Бөкейхан атындағы Binom мектеп-лицейінің оқушыларына арналған таныстыру экскурсиясын өткізді. Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін «Адал азамат» идеалдарына сәйкес ілгерілету жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасының 17-тармағын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты — жастар арасында патриоттық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік қызметке қызығушылықты арттыру, ерте кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен кәсіпорнының жұмысымен таныстыру.
Министрлік өкілдері Кадр қызметі департаментінің директоры Азамат Шалхарбаев және Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен департаментінің бас сарапшысы Павел Филипов оқушыларды қарсы алып, «Адал азамат» бастамасының негізгі міндеттерін түсіндірді.
Кәсіпорын өкілдері – Қару-жарақ департаментінің директоры Андрей Тихоненко және Сату және мемлекеттік өзара әрекеттесу департаментінің директоры Мирас Сеитов оқушыларға мазмұнды көрсетілімдік экскурсия жүргізіп, өндірістік үдерістер, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешеннің дамуы және кәсіби өсу мүмкіндіктері жөнінде танымдық ақпаратпен бөлісті.
Экскурсия барысында оқушылар:
•өндірістік процестермен танысты;
•әскери техникалардың заманауи үлгілерін көрді;
•саланың жетекші мамандарымен пікір алмасты;
•қорғаныстық өнеркәсіптің ел қауіпсіздігі мен экономикалық дамудағы рөлі туралы ақпарат алды.
Іс-шара интерактивтік бөліммен жалғасын тауып, онда патриотизм, мемлекеттік қызмет құндылықтары және кәсіби өсу мүмкіндіктері жөнінде ашық әңгіме өрбіді.