ERG өндірістерде жасанды интеллект шешімдерін енгізуде

ERG өндірістерде жасанды интеллект шешімдерін енгізуде

Қазақстанның жүйе құраушы кәсіпорындарында 2025–2026 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кіретін кәсіпорындарда Generative AI деп аталатын жасанды интеллект моделі белсенді қолданысқа енгізілуде. Бұл жасанды интеллект компанияға ірі деректерді өңдеуге және өндіріс процесі туралы ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік береді.

Компанияда өзінің жеке First AI-Republic ERG (FAIR) экожүйесі  құрылды. Ол корпоративтік деректермен интернет желісіне шықпай-ақ жабықжүйеде жұмыс істейді. Оның негізінде бөлімшелерге процестерді жеделдетуге және күнделікті жұмыстарды азайтуға көмектесетін ондаған сандық көмекшілер пайда болды.

Мысалы, MES Alina MES ERG өндірісін басқару жүйесіндегі оқиғаларды талдайды және технологиялық процесті автоматтандырылған басқару жүйесінен деректер жинайды. Қазіргі уақытта ол «Қазхром», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі «ССКӨБ» АҚ үшін қолжетімді. Болашақта ол параметрлерден ауытқулар болған жағдайда өздігінен ұсыныстар бере алатын болады.

Тағы бір көмекші қауіпсіздік бойынша мінез-құлық аудиттерін талдайды — есептер жасайды, жоспарларды бақылайды және бөлімшелер бойынша көрсеткіштерді салыстырады.

Сатып алу үшін жасанды интеллект көмекшісі де бар: ол сайттарға өздігінен кіріп, жылына 200 мың тауарлық-материалдық құндылықтың бағаларын іздеп, салыстырады. Бұл процесс адам қатысуынсыз — жылдам жасалады, ашық және артық шығын қаупі жоқ.

Компанияда 2024–2027 жылдарға арналған өзіндік цифрландыру стратегиясы бар. Оның мақсаты – өндірістік және корпоративтік процестерді автоматтандыру, роботтандыру, сандық көмекшілерді енгізу, қағаз құжаттардан цифрлық форматқа көшу, бизнестің икемділігін және басқарылуын арттыру, сондай-ақ еңбек процесін автоматтандыру және роботтандыру.

«Біз цифрландыру жолын 2014 жылы бастадық және көптеген жобаларды енгіздік. Бүгінгі күні өндіріс деректерінің шамамен 80 пайызы нақты уақыт режимінде алынады. Қызметкерлеріміз Qollab мобильді қосымшасын пайдаланады, оны күн сайын 60 мыңнан астам адам қолданады. Қосымшада жұмыс міндеттері шешіледі, есеп жүргізіледі және қажетті қызметтер ұсынылады. Бұл «Индустрия 4.0/5.0» технологияларына — жасанды интеллектке, сандық егіздерге, роботтандыруға және процестерді автоматтандыруға көшу үшін берік негіз болды», – деп атап өтті ERG компаниясының бас директордың цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Шназбаев Еркен.

Цифрлық трансформация бизнестің барлық салаларын қамтиды: геология, өндіріс, еңбекті қорғау, медицина және әлеуметтік қамтамасыз ету.

Мысалы, MES ERG — өндірістік процестерді жедел басқару жүйесі енгізілген. MES көмегімен топтағы кәсіпорындарда шығындар, тоқтап қалулар, өндірілген өнімдер және технологиялық параметрлер есепке алынып, жедел жоспарлау жүргізіледі. Жүйе шеберхана немесе учаскенің белгілі бір уақыт аралығында қалай жұмыс істегені туралы толық көрініс береді.

MES ERG жүйесі Ақтөбе ферросплав зауытында, Қазақстан электролиз зауытында және «Алюминий Қазақстан» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасында іске асырылды. Қазіргі уақытта жүйені Ақсу ферросплав зауытында және Дөң кен байыту комбинатында енгізу жалғасуда. Биыл MES жүйесін Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде («ССКӨБ» АҚ) іске қосу жоспарлануда және енгізу жұмыстары басталды.

Компанияда роботтандырылған автономды техника белсенді қолданылады. Бір жыл бұрын ERG Қазақстанда алғаш болып «Восточный» кенішінде жүргізушісіз самосвалдарды іске қосты. Бір жылдың ішінде олар 3,45 млн тонна тау массасын тасып, 132 мың шақырым жол жүріп, 29 мың рейс жасады. Барлығы тәулік бойы, 24/7 режимінде жүзеге асырылды.

Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін грейферлік кран мен бульдозерлерді қашықтан басқару жүйесі әзірленуде. Бұл жүйе операторларды алыстағы басқару пультінен жұмыс істеуге шығару және техниканы толық автономды режимде қолдануға мүмкіндік береді.

Автономды дрондар Еуразиялық энергетикалық корпорациясында енгізілетін болады. Олар шлам және күл құбырларын тексереді. Бұл шешім ауысым сайынғы тексерулерді жеделдетуге және қиын өтетін аймақтардағы технологиялық бұзушылықтарды тіркеуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта IT мамандары Computer Vision, яғни «машиналық көру» технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл бағыт Жол картасы аясында отандық кәсіпорындарға енгізілетін жобалардың бірі болып табылады. Computer Vision бағдарламасының басты мақсаты – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Мысалы, жүргізушілер кабиналарындағы «Антисон» жүйесі камералар мен датчиктердің көмегімен адамның көзінің жабылуын, басының еңкеюін, телефонмен сөйлесуін немесе темекі шегуін анықтайды. Жүйе шаршау немесе алаңдаушылық белгілерін байқаса, бірден дыбыстық, жарық немесе діріл түрінде ескерту береді. Жобаның пилоттық кезеңі қазірдің өзінде ССКӨБ, КБКБ және «Қашар кені» АҚ кәсіпорындарында іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін шамамен 400 техника - ауыр жүк көліктері, вахталық автобустар, экскаваторлар мен локомотивтер осындай ақылды камералармен жабдықталады.

Дөң кен байыту комбинатында машиналық көрудің зияткерлік жүйесі конвейер таспасының қызып кетуін алдын ала болжауға және зақымдарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың шілдесінде іске қосылғаннан бері қызып кетуге байланысты тоқтап қалу уақыты 75%-ға қысқарды, ал анықталған ақаулардың 80%-ы операторлар тарапынан расталды.

Бұл және басқа да сандық жобаларды ERG үшін өзінің IT-командасы — Business & Technology Services (BTS) әзірлейді. Соңғы бес жылда ERG компаниясы өндірісті цифрландыруға $100 млн-нан астам инвестиция салды және ақылды технологияларды енгізуді жалғастыруда.