«СарыарқаАвтоПром» зауытында қауіпсіздік оқиғаларына әрекет ететін пилоттық ЖИ- жобасы іске қосылды

«СарыарқаАвтоПром» зауытында қауіпсіздік оқиғаларына әрекет ететін пилоттық ЖИ- жобасы іске қосылды

Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Astana Hub алаңында «QazIndustry» АҚ ұйымдастыруымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен Demo Day іс-шарасы өткізілді. Шара барысында 2025–2026 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасы бекітілді.

Жол картасы өз нәтижелерін қазірдің өзінде көрсетіп келеді. Мысалы, Allur компаниялар тобына кіретін «СарыарқаАвтоПром» автомобиль зауытында қауіпсіздік оқиғаларына жедел әрекет ету орталығы форматында пилоттық ЖИ-жобасы іске қосылды. Заманауи интеллектуалды платформа камералар, датчиктер және IT-жүйелерден келіп түсетін деректерді талдай отырып, өндірістік тәуекелдерді, апаттық жағдайларды, жабдық жұмысының ауытқуларын жедел анықтап, тіркеуге мүмкіндік береді әрі оларды дереу жоюға жағдай жасайды.

«Жасанды интеллект деректерді нақты уақытта өңдейді. Қызметкерлердің іс-әрекетінен немесе механизмдердің жұмысынан ауытқу байқалса, жүйе бірден дабыл жібереді әрі тиісті әрекет ету рәсімін іске қосады», – деп түсіндірді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.

Мысалы, жүйе түтіннің пайда болуы, ашық алау, жүк құлауы, техниканың қызметкерлерге тым жақын жүруі, сұйықтықтың төгілуі сияқты жағдайларға бірден әрекет етеді, сондай-ақ қызметкерлердің қорғаныс каскасы мен арнайы жилетінің болмауы, жабдықтың тоқтауы, ауа қысымының төмендеуі, адамдардың шамадан тыс жиналуы, көліктің жылдамдықты асыруы, өтетін жерлердің бітелуі және қалыптан тыс климаттық жағдайлар да дереу тіркеліп, жүйе дабыл береді.

Сонымен қатар, зауыт процестерді ашық, басқарылатын және болжамды ету үшін бірқатар ақылды шешімдерді енгізді.

Мысалы, ERP жүйесі өндіріс, сатып алу, қойма, қаржы және персоналды басқаруды бір жүйеге біріктірді.

MES (Manufacturing Execution System) жүйесі нақты уақыт режимінде өндірістік операцияларды басқарады: тапсырыстарды цехтарға қабылдап, таратады және өндірістің әр кезеңін қадағалайды.

QLS (Quality Leadership System) жүйесі кіретін материалдардың сапасын тексереді, ақауларды тіркейді, олардың себептерін талдайды және түзетуші шараларды қолданады.

WMS (Warehouse Management System), яғни «ақылды» қойма, тауарларды автоматты түрде қабылдауды және орналастыруды, қалғандарын онлайн есептеумен жүргізеді және тапсырыстар мен тиеу маршруттарын жинақтаумен айналысады.

Автомобиль зауыттарының өнім сапасы өте маңызды рөл атқарады, себебі бұл адамдардың – жүргізушілердің, жолаушылардың және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сапаны бақылауды қамтамасыз ету үшін Allur зауыты Hexagon Toro Performance жүйесін енгізді – бұл автокөліктерге арналған кузовтарды лазерлік және оптикалық 3D сканерлеу және жөнелтуден бұрын барлық жүйелерді автоматты түрде тексеретін диагностикалық кешен.

Сонымен қатар, зауытта 24-тен астам өндірістік робот қолданылады. Олар автокөліктерге арналған кузовтардың жинау, бояу, дәнекерлеу және дайындау жұмыстарына көмек көрсетеді.

Жол картасы шеңберінде кәсіпорындардың жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу өндірістік процестерді оңтайландыруға, автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық шешім болды. Енді барлық негізгі процестерді онлайн режимінде бақылауға болады, тоқтап қалулар мен ақаулар азайды, өндіріс жылдамдығы мен дәлдігі артты, еңбек жағдайлары жақсарды, қауіпсіздік деңгейі көтерілді.

Айта кетейік, Жол картасын әзірлеуге «Allur», «Қазақмыс», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазмырыш», «ERG», «Алтыналмас» АК», «KAZ Minerals», «Solidcore Eurasia», «Қайнар-АҚБ» және «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» сияқты еліміздің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары қатысты. Мұндай ірі компаниялардың қатысуы салалардың кешенді қамтылуын қамтамасыз етіп, заманауи цифрлық шешімдерді жүйелі енгізуге арналған практикалық платформаны жасауға мүмкіндік берді.

Жол картасы 11 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында жасанды интеллектті енгізуге арналған 41 жобаны қамтиды. Технологиялар қатарына компьютерлік көру, болжамды аналитика, робототехника, пилотсыз көліктер, сандық егіздер, Big Data және генеративті ЖИ көмекшілері кіреді. Мұндай кең ауқымды бағыттар кәсіпорындардың өнімділігін, қауіпсіздігін және инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған цифрлық трансформацияға стратегиялық көзқарасты көрсетеді.