Қазақстандағы автокөлік өндірісі соңғы жылдары жаңа серпін алып, елдің өнеркәсібін дамытудың алдыңғы қатарында тұр. Әсіресе Алматы индустриялық аймағында қалыптасқан заманауи автокластерді айтуға болады. Бұл аймақта орналасқан толық циклді, көпбрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты бүгінде әлемге танымал Chery, GWM, Changan секілді брендтердің көліктерін құрастырып, Қазақстанды аймақтың маңызды автоөндірушісіне айналдырып келеді. Зауыттан шығып жатқан Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion, Changan CS55 Plus сияқты модельдер, осы жаңарудың нақты жемісі.
Зауыттың жылдық қуаттылығы – 120 мың көлік. Бұл көрсеткіш ел нарығын толық қамтып қана қоймай, отандық өнімді шетелге шығаруға да жол ашады. Жоғары технологиямен жабдықталған желілер бір уақытта он екі түрлі модельді құрастырып, тұтынушы талғамына қарай жылдам бейімделе алады.
Өндірісте экология мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. AMMKZ – ТМД елдері ішінде бояу процесінде құрғақ коагуляция технологиясын енгізген тұңғыш кәсіпорын. Бұл әдіс энергияны 35 пайызға үнемдеп, су мен химиялық қоспаларды мүлде қолдануға жол бермейді, ал ауа тазарту тиімділігін 60 пайызға арттырады. 215 млрд теңгеден асатын бұл жобаға қажет құрылыс пен инженерлік жұмыстардың басым бөлігі өзіміздің отандық мамандардың күшімен атқарылғанын да ерекше айту керек.
Автокластердің тағы бір маңызды бөлігі – Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. 2025 жылдың алғашқы он айында кәсіпорын 43 мыңнан аса көлік шығарып, өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Зауыт толық жаңарып, роботтандырылған желілер іске қосылды, ұсақ тораптық жинақ үлесі өсті. Мұнда Tucson, Elantra, Santa Fe, Palisade, сондай-ақ Hyundai мен Genesis маркаларының өзге де үлгілері құрастырылады.
Бұл өндірістік серпіліс жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең мүмкіндік берді. Тек 2025 жылдың өзінде Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 500-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Жалпы алғанда, жаңа өндірістердің іске қосылуы жүздеген адамға жұмыс беріп, инженер мамандарға сұранысты арттырып, машина жасау саласына қажет кадрларды дайындауға жол ашып отыр.