
Парижге жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев экономиканың маңызды салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге және инвестиция тартуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Министр Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің 14-ші отырысына қатысып, француз бизнесі үшін Қазақстандағы жаңа мүмкіндіктерді таныстырды. Талқылауға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері, сондай-ақ Airbus, TotalEnergies, Thales, Alstom, Veolia Environnement, Suez SA және басқа да Францияның жетекші компанияларының басшылары қатысты. Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және өндірістерді Қазақстанда жергілікті ету перспективаларын талқылады. Кездесу қатысушылары атап өткендей, еліміз инвесторларға ұзақ мерзімді әрі жоғары технологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды ұсынуға дайын.
Ерсайын Нағаспаев сондай-ақ Францияның Сыртқы сауда және тартымдылық жөніндегі министр-делегаты Николя Форисьемен бірлесіп Қазақстанның сындарлы минералдары мен металдары бойынша дөңгелек үстелдің ашылуына қатысты. Өз сөзінде Министр елдің минералдық-шикізат базасының әлеуеті, геология саласын дамыту жоспарлары және сирек кездесетін әрі стратегиялық маңызды металдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты. Қазақстан геологиялық барлау, өндіру және сындарлы минералдарды қайта өңдеу салаларында француз және еуропалық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін растады.
Париждегі жұмыс сапары өнеркәсіптік және инвестициялық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болып, Қазақстан мен Францияның ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға деген ортақ ұмтылысын көрсетті.