«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдеріне өндірісті жақсарту үшін жасанды интеллектті қалай тиімді қолдануға болатыны жөнінде оқыту өткізді. Вебинарлар циклі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен, өнеркәсіпте ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Үш айға созылған оқытуға шамамен 300-ге жуық өнеркәсіптік компания өкілдері қатысты. Вебинарларға жетекші сарапшылар, әзірлеушілер және өндірісіне ЖИ шешімдерін енгізген кәсіпорындар қатысты.
Вебинар қатысушыларына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кәсіпорындар мен компаниялардың нақты жұмысында қалай қолдануға болатыны түсіндірілді. Мысалы, олар заманауи технологиялардың тамақ өндірісін қалай жақсартатынын, өндірістегі апаттардың алдын алатынын, жабдықтың бұзылуын болжайтынын, қымбатқа түсетін тоқтап қалуларды қысқартатынын және зауыттардағы оқиғалардың алдын алу туралы ақпараттармен бөлісті.
Спикерлер ретінде отандық және халықаралық IT-компаниялардың - Vekas Automation, Neurobox, BEST Vision Technologies, ROQED, Alaqan, Qanysh.AI, Infinity Uptime, Tauken AI жетекшілері, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыру саласының мамандары сөз сөйледі.
Мысалы, Alaqan компаниясының атқарушы директоры Аслан Төлегенов биометриялық технология мүмкіндіктерін таныстырды. Қолды сканерлеу өнеркәсіп кәсіпорындарында тәртіпті арттыруға және шығындарды миллиондаған теңгеге азайтуға көмектеседі.
А. Төлегеновтің айтуынша, кәсіпорындар жыл сайын 190 миллион теңгеге дейін шығынға ұшырайды, бұл кешігулер, есепке алынбаған үзілістер және жұмыс уақытын қолмен есептеу қатесінен болады. Компания әзірлеген инновациялық жүйе қызметкерлердің қол тамырларының суретін 0,3 секундта сканерлеп, оларға қолжетімділікті басқарады және жұмыс уақытын есептеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері вебинарлардың жоғары деңгейде өткізілгенін және алынған білімнің құндылығын атап өтті. Көпшілігі өндірісінде жасанды интеллектті енгізуге қызығушылық танытты.
«QazIndustry» кәсіпорындарға «ақылды өндіріс» жүйесіне өтуге арналған әдістемелік, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсететінін еске саламыз. Сонымен қатар, Қазақстанның өнеркәсіп және экспорт орталығы кәсіпорындардың цифрлық технологияларды енгізуге кеткен шығындарының 40-50%-ына дейін өтемақы береді.
Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі кәсіпорындардың 19%-дан астамы цифрландыруды енгізген, бұл жақсы көрсеткіш болып табылады. 1000-нан астам қазақстандық кәсіпорын өз өндірісін цифрландырды: 246 кәсіпорын ақпараттық қауіпсіздік технологияларын, ал 142 компания деректер алмасуды жеделдету және шығындарды азайту үшін бұлтты шешімдерді енгізді. Өндірісті қашықтан бақылау үшін өнеркәсіптік заттар интернетін 72 кәсіпорын қолданса, 48 компания автоматтандыру мен дәлдікті арттыру үшін өнеркәсіптік роботтарды енгізді.
Елімізде 2025-2026 жылдары өнеркәсіптік кәсіпорындарға жасанды интеллектті енгізу бойынша Жол картасы іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Құжатқа сәйкес, табысты тәжірибені барлық салада қолдану үшін ірі кәсіпорындарға ЖИ шешімдерін енгізу көзделген. Сонымен қатар, мамандарды өнеркәсіпте жасанды интеллектпен жұмыс істей алатындай етіп оқыту және қайта даярлау жоспарлануда.