Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметтің өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру тақырыбындағы отырысында баяндама жасады.
Министр өңдеу өнеркәсібінде соңғы жылдары қалыптасқан оң даму динамикасы биыл да өз жалғасын тапқанын атап өтті. Он айдың қорытындысы бойынша металлургия саласында 0,7%, машина жасауда 11,5%, химия өнеркәсібінде 10,9%, сондай-ақ құрылыс материалдар өндірісінде 5,3% құрайтын оң динамика есебінен өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға өсті.
Өңдеу көлеміне іске қосылған жобалар өз үлесін қосуда. Жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарлануда.
«Бүгінгі күнге дейін 147 жоба жүзеге асырылып, 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығаратын, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған қаптамалар, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі жобаларды атап өтуге болады», – деді Министр.
Бүгінде саланы дамыту келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуда, олар:
– қаржының қолжетімділігі;
– шикізатты жеңілдетілген бағамен қамтамасыз ету;
– өнеркәсіптік инфрақұрылым тарту және өнім өткізуді қолдау.
Жаңа өндірістерді қолдауда мемлекеттік даму институттарының рөлі зор екенін атап өткен жөн. 2022 жылдан бастап, жеңілдетілген несиемен 116 жоба қаржы-лан-дырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 500 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, ол нарықтан тартылған қаражатпен микшерлеу арқылы 700 млрд теңгеге дейін артты. Нәтижесінде радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық бұйымдары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар өндірістері іске қосылды.
Сондай-ақ, Министр ішкі өңдеуді дамытуға ықпал ететін тиімді шаралардың бірі – кәсіпорындарға шикізатты жеңілдікпен ұсыну туралы айтты. Ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана экспортқа лицензия алады. Қазірде бұл механизм мыс, алюминий және мырыш металдарына қолданылып жатыр.
Одан кейін, Ерсайын Нағаспаев саланы цифрландыру негізгі екі бағыт бойынша іске асырылып жатқанын атап өтті. Біріншісі – өндірістің цифрлық трансформациясы. Бұл бағыт өндіріске тікелей цифрлық шешімдерді енгізуді қамтиды. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындардың үлесі 12,9%-дан 19,2%-ға өсіп, саны 390-нан 1 073-ке дейін өсті», – деді ол.
Тау-кен металлургия саласында роботтардың виртуалды көшірмелері, өндіріс алаңдарынан жиналған үлкен деректерді өңдеу, компьютерлік көру технологиялары және роботтанған жабдықтар қолданылады. Химия өнеркәсібінде ресурстарды жоспарлау жүйелері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары белсенді енгізілуде. Машина жасауда виртуалды оқыту жүйелері, бөлшектерді 3D-сканерлеу және жасанды интеллект технологиялары қолданылады.
Сонымен қатар, мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект технологияларын енгізу Жол картасы әзірленді.Осы Жол карта шеңберінде «СарыаркаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазцинк», ERG сияқты ірі кәсіпорындарда қырық бір жоба жүзеге асырылуда.
Цифрландырудың екінші бағыты мемлекеттік реттеу мен қолдау құралдарын қамтиды. Ол мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру мен жүйелеуді, мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнесті қолайлы цифрлық сервистермен қамтамасыз етуді көздейді.
Қазіргі уақытта деректерді жинауды, сақтауды және талдауды, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар арасындағы ақпараттық өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі қалыптастырылуда. Жүйенің негізгі компоненттері кезеңмен іске қосылуда.
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметін талдауға мүмкіндік беретін Tizilim ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Онда 6 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 900 отандық өнім өндіруші тіркелген. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Отандық тауар өндірушілерінің реестрі пайдалануға беріледі.
«Саланың қарқынды цифрлануына байланысты, профильді министрліктермен бірлесіп кәсіпорындар мен оқу орындарының дуалды білім беру механизмі арқылы сұранысқа ие инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жұмысы жалғасады», – қорытындылады Министр.