ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «QazIndustry» АҚ бірлесіп, қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі бойынша кезекті оқыту вебинарын өткізді. Вебинар барысында ОТӨ Реестрінің маңыздылығы, оның өндірушілерге беретін артықшылықтары, кәсіпорындардың өтінім тапсыруға қалай дайындалуы керек екені түсіндірілді, сондай-ақ өндірілетін өнімге қойылатын талаптар, оның ішінде өндіріс шарттары мен өндірістік және технологиялық операцияларға қатысты негізгі параметрлер жан-жақты баяндалды.
Іс-шараға түрлі саладағы қазақстандық кәсіпорындардың, сондай-ақ өңірлік бизнес-бірлестіктерден шамамен 500-ге жуық өкілдері қатысып, өз сұрақтарына толық әрі нақты жауаптарын алды.
Спикер ретінде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының басшысы Жансая Жакупова сөз сөйледі.
Министрліктің оқыту циклі тауардың шығу тегін растаудың жаңа жүйесіне көшу кезеңінде отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сондай-ақ ол ОТӨ Реестріне енгізу барысында өндірістік процестердің ашықтығын арттыруды көздейді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Реестр тауардың шығу тегін растаудың жалғыз құралына айналып, индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ құжаттарын толық алмастырады. Жаңа тетік қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін беру үдерісінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. ОТӨ Реестріне нақты қазақстандық өндіруші ретінде енгізілген кәсіпорындар ғана реттелетін сатып алуларға қатысып, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады.
Вебинар жазбасы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми ресурстарында қолжетімді.
Оқыту вебинарлары әр бейсенбі сайын сағат 10:00-де өтеді, хабарландырулар мен сілтемелер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және «QazIndustry» сайттарында жарияланады.