Бүгін Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) Ұлттық жобасының Қоғамдық кеңесінің екінші отырысы өтті.
Кеңесті құрудың басты мақсаты – Ұлттық жобаның ашықтығы мен тиімділігін арттыру. Отырыста жобаның техникалық және қаржылық операторлары «ҚазОрталық» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков пен «Бәйтерек» ҰБХ басқарушы директоры Әлия Мұрзагалиева ұсынған есептер қаралды.
«ҚазОрталық» АҚ басшысы ЭКСЖ аясында техоператордың атқарған жұмысының негізгі қорытындылары жайында баяндап, сумен жабдықтау, су бұру, сондай-ақ жылу және электрмен жабдықтау жобаларын қарастыру бойынша атқарылған жұмыс туралы есеп ұсынды.
Өз кезегінде қаржылық оператор жобаларды қаржыландырудың ағымдағы нәтижелерін таныстырды. 2025 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша ЭКСЖ электронды платформасында табиғи монополия субъектілерінен 63 өтінім қаралып, оның 43-і 72,2 млрд теңге сомасына мақұлданды. сомасы 32 млрд теңге құрайтын 20 өтінім қайта қарауға жіберілді немесе өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылды.
Ұлттық жобаны іске асыру жоғары белсенділікті көрсетуде: 2025 жылғы 26 қарашадағы жағдай бойынша коммуналдық шаруашылықтың барлық секторлары бойынша 179 өтінім тіркелген. Бұл жобалардың жалпы болжамды құны – 473,9 млрд теңге.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарифтік саясатқа жаңғыртудың әсері және жөндеу жұмыстары барысында отандық тауар өндірушілер (ОТӨ) өнімдерін басым қолдану мәселелері бойынша есептерді тыңдауға арналған сұрақтарды қалыптастырды. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының есебін, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің және ЭКСЖ электронды сатып алу платформасының жұмысын таныстыру жоспарлануда.
ОТӨ өнімдерін дамыту – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласында қолданылатын материалдар мен жабдықтардың жергілікті өндірісін ынталандыратын жобаның басты талаптарының бірі екенін атап өткен жөн. Кеңес мүшелері бұл мәселелерді алдағы отырыстарда жан-жақты қарастыруды ұйғарды. Келесі отырыстардың бірі 2025 жылдың желтоқсан айында өтеді.