AULA Forum 2025: Астанада ТКШ басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылды

AULA Forum 2025: Астанада ТКШ басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылды

Астанада AULA Forum 2025 өтті — Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың (ТКШ) қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығын біріктірген басты салалық алаң.

Өз сөзінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбірова форумның елдің тұрақты дамуы мен инфрақұрылымды жаңғырту контекстіндегі маңыздылығын атап өтті.

«Өтіп жатқан форум – бұл тек пікірталас алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасудың және сарапшылардан кері байланыс алудың тиімді құралы. Мұнда тұрғын үй қатынастары саласындағы біріздендірілген әрі нәтижелі саясатты қалыптастыруға бағытталған тәсілдер жасалады», – деді ол.

Вице-министр ведомствоның ТКШ саласын цифрландыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, «Смарт Тұрмыс» бірегей платформасын енгізу, Бірыңғай төлем құжатын дамыту, ауқымды аспаптандыру және коммуналдық қызметтерді есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері айтылды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру – өмірлік қажеттілік. Бұл жинақталған мәселелерді шешуге және алға жылжуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – инновацияларды енгізуге барлық қатысушылардың дайындығын қамтамасыз ету және заманауи технологиялар азаматтардың өмірін жеңіл, ыңғайлы әрі қолайлы ететінін көрсету», – деп атап өтті Жаннат Дүбірова.

Форум аясында Бірыңғай төлем құжатын масштабтау, процестерді автоматтандыруда жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ ТКШ саласындағы салықтық реттеу мәселелеріне арналған панельдік сессиялар өтті.

Ерекше қызығушылық тудырған «Бірыңғай төлем құжаты» панельдік сессиясында спикерлер БТҚ қалыптастыру механизмі, Бірыңғай есептеу орталықтарының талаптары мен жұмыс тәртібі, сондай-ақ жобаны масштабтау мәселелерін жан-жақты талқылады. БТҚ-ға көшу азаматтарға бірнеше түбіртектің орнына бір консолидирленген квитанция алу мүмкіндігін береді, бұл төлем жасау және шығындарды бақылау процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Коммуналдық қызмет көрсетушілер үшін бұл жоба төлемдердің жиналуын арттыруға, процестерді стандарттауға және тұтынушылар сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Форумға «КазОрталық ТКШ» АҚ, Sergek Group, ICert Халықаралық сертификаттау орталығы, Қазақстанның ТКШ республикалық альянсы, EASY TAX GROUP, Астана Су Арнасы, eosi.kz, сондай-ақ басқарушы компаниялар, МИБ және сала өкілдері де қатысты.