ArInvest Energy: операциялық дағдарыстан цифрлық басқару моделіне

ArInvest Energy: операциялық дағдарыстан цифрлық басқару моделіне

Цифрландыру – бұл жұмыс процесін жетілдіру құралы, сондайақ ол басқарудағы тиімсіздік, шығындардың көптігі, өндірістегі ашықтықтың болмауы және бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуінен туындайтын операциялық дағдарыстан кәсіпорынды қорғайтын стратегиялық қадам. Цифрлық технологияларды енгізу компанияларға тек «мәселелерді жамап қоюға» емес, өздерінің бүкіл операциялық моделін түбегейлі қайта құруға мүмкіндік береді.

Өңдеу секторында цифрлық құралдарды енгізген кәсіпорындардың үлесі 19%-дан асты. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 23%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойған ірі өңдеуші кәсіпорындарда жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Жол картасы аясында бірқатар шаралар іске асырылуда.

Цифрландыру павлодарлық ArInvest Energy компаниясына операциялық ретсіздіктен шығып, басқарудың мүлде жаңа цифрлық моделіне өтуге мүмкіндік берді.

Полиэтилен және полиуретанды көбікпен оқшауланған құбырлар өндіретін бұл кәсіпорын 2013 жылы құрылған. Мұнда жыл сайын 403 мың метр ППУ құбыры және 10 мыңға жуық фитинг шығарылады. Өнімнің 95%-ы еліміздің ішкі сұранысын қамтамасыз етеді, қалған бөлігі Қырғызстан мен Өзбекстан нарықтарына экспортталады. Кәсіпорында 75 адам еңбек етеді.

2024-2025 жылдары жүзеге асқан ArInvest Energy цифрландыру жобасы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығымен құрылған стратегиялық әріптестіктің арқасында мүмкін болды, бұл әріптестік компанияның өсу әлеуетін жүйелі цифрлық трансформацияға бағыттаған негізгі қозғаушы күшке айналды.

2013 жылы кәсіпорын сәтті іске қосылды. Компания өз саласында ТМД елдері арасындағы көшбасшылардың бірі атанып, өнімін Қазақстан бойынша және ТМД елдеріне экспорттай бастады.

Алайда компанияның тым жылдам өсуі «сәттілік парадоксына» әкелді: ескі басқару жүйелері өсіп жатқан жүктемені көтере алмай, операциялық дағдарыстың туындауына себеп болды.

Кәсіпорын жүйелердің бөлшектенуіне (бухгалтерия, өзіндік құн есептеу және электрондық қолтаңбалар бөлек жұмыс істеді), бизнес жұмысының көрінбеуіне (басшылық нақты уақыттағы жалпы жағдайды көре алмады), қолмен жабдықтауға (қоймалардағы тауарларды сатып алу мен тексеру қолмен жүргізіліп, баяу әрі дәлсіз болды) және материалдардың минималды қорын автоматты түрде бақылаудың жоқтығына байланысты процестерді басқаруды жоғалтты.

Таңдау өндірістің ерекшеліктерін терең түсінетін, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен жұмыс тәжірибесі бар және құбыр өнімдерін өндіру ерекшеліктерін білетін қазақстандық IT-компаниялардың біріне түсті. Мамандар ArInvest Energy компаниясына бірыңғай және икемді ERP жүйесі негізінде кәсіпорынның өндірісі мен ресурстарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін ұсынды. Жоба толық ашықтыққа қол жеткізу және реактивті басқарудан проактивті басқаруға көшу мақсатында жеті кезеңде іске асырылды.

Автоматтандырылған кәсіпорынды басқару жүйесін енгізудің нәтижесінде қағаз құжат айналымына кететін уақыт 85%-ға қысқарды. Компания проактивті сатып алуларға көшіп, материалдардың қоймадағы қалдықтарын 30%-ға азайтты. Өндірістің нақты уақыттағы толық ашықтығы қамтамасыз етіліп, жабдықтау, қойма есебі және жоспарлаудағы қол еңбегі жойылды.

Сонымен қатар, сапаны бақылау нүктелерін енгізу және толық қадағалау арқылы жеке жауапкершілік енгізу нәтижесінде ақаулы өнім көлемі 40%-ға қысқарды.

Автоматтандырылған кәсіпорынды басқару жүйесін 1С-пен интеграциялау жүйелердің бөлшектенуін толығымен жойды. Енді бухгалтерия тек өзекті деректермен жұмыс істейді, бұл қателіктерді азайтады. Басшылық бизнестің бірыңғай көрінісін көріп, операциялық өзгерістер қаржылық есепке бірден енеді.

Өндіріс пен ресурстарды басқарудың цифрландыруының арқасында компанияның айналымы 2,3 есе артты және айтарлықтай инвестициялар тартылды.

Автоматтандырылған кәсіпорынды басқару жүйесін сәтті енгізу кәсіпорынға жаңа мүмкіндіктер ашты: ТМД елдеріне сату географиясын кеңейту, қашықтан бақылау үшін өз мобильдік қосымшасын әзірлеу және сұранысты болжау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу.

«QazIndustry бізге кәсіпорынды «ақылды өндіріс» жүйесіне көшіру үшін әдістемелік, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Цифрландыру арқылы бізде дамуға көбірек мотивация мен мүмкіндіктер пайда болды, өйткені өзіміздің нақты әлеуетімізді және «тар жерлерді» көре аламыз. Автоматтандыру мен ашықтық бізге әрі қарай инвестициялау мен дамыту үшін талдау жасап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі», – деп түйіндеді «ArInvest Energy» ЖШС басшысы Тоғжан Сұраған.

ArInvest Energy Қазақстандағы орта өндірістік кәсіпорынның цифрлық трансформациядағы сәтті үлгісін көрсетіп отыр. Компания Индустрия 4.0 принциптерін нақты енгізген технологиялық көшбасшыға айналып, бұл басқа отандық кәсіпорындар үшін трансформацияның үлгісі болып табылады.