Мемлекеттік қала құрылысы кадастры: ел аумағын дамыту және процестерді цифрландыру

Мемлекеттік қала құрылысы кадастры: ел аумағын дамыту және процестерді цифрландыру

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қала құрылысы жобаларының сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп келе жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, еліміздің аумақтарын тиімді пайдалану және тұрақты дамыту мақсатында министрлік елді мекендерді бас жоспарлармен және детальды жоспарлау жобаларымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы басты міндет жоспарлау құжаттарының сапасын арттыру және жобалау процесіне цифрлық құралдарды кеңінен енгізу.

Төрағаның айтуынша, қазіргі қала құрылысы жүйесі нақты иерархияға негізделген: ел аумағын дамытудың бас схемасы, өңірлердің аумақтық жоспарлау схемалары, сондай-ақ қалалар мен ауылдарға арналған бас жоспарлар мен ДЖЖ құжаттары өзара байланыста әзірленеді. Бас схема халықтың орналасуын, инфрақұрылым мен өндірістің дамуын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады. Оның негізінде үш ірі аймақтарда және төрт агломерацияның даму схемалары жасалды. Қазіргі таңда Орталық және Батыс ірі аймақтардың кең көлемді схемалары бекітілген, ал Оңтүстік ірі аймақ схемасы келісу сатысында тұр.

Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент және Актөбе агломерацияларының даму схемалары қазіргі жағдай мен халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Ауқымды агломерацияларда қала орталығына түсетін шамадан тыс миграциялық қысымды азайту мақсатында контрмагнит қалалар мен серіктес елді мекендерді дамыту ұсынылған. Ал Актөбе агломерациясында негізгі басымдық – экономиканы әртараптандыру және көліктік каркасты күшейту.

Бақытжан Жүнісбеков мемлекеттік қала құрылысы кадастры – барлық қалалық жоспарлау құжаттарын, инженерлік желілер мен инфрақұрылым туралы деректерді қамтитын басты цифрлық платформа екенін атап өтті. Ол Бірыңғай құрылыс порталының негізгі элементі ретінде жоспарлау мен құрылыс процестерін толық цифрландыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйеде 730-дан астам қала құрылысы жобасы және ірі елді мекендердің инженерлік желілерінің 93%-ы цифрлық форматта жинақталған.

Соңғы екі жылда 75 елді мекенге жаңа бас жоспарлар әзірленді. Бүгінде елдегі 90 қаланың барлығы бас жоспарлармен қамтылған, олардың 12-сі жаңартылу үстінде. 5 мыңнан астам халқы бар 286 ауылға бас жоспар жасалған, тағы сегіз ауылдың жоспарлары түзетуді қажет етеді. 5 мыңнан аз халқы бар 4320 елді мекенде градқұжаттама бар, алайда 847-сінде оны жаңарту қажет. 1547 елді мекенде бас жоспар жоқ. Халқы 50 адамнан аспайтын 489 ауылға экономикалық тиімсіздігіне байланысты бас жоспар әзірлемеу жөнінде шешім қабылданған.

2024 жылы қала құрылысы жобаларына арналған жаңа тетік – қала құрылысы экспертизасы енгізілді. Бұл механизм жобаларды әзірлеу кезінде нормалардың бұзылуын және ДЖЖ бекітілген бас жоспарларға сәйкес келмеуін алдын ала болдырмауға мүмкіндік береді. Бекітілген жобалар мен топографиялық материалдар градкадастрға жүктеліп, олардың орындалу барысы ашық бақыланады.

Сараптама барысында 667 ДЖЖ цифрлық платформа арқылы тексеріліп, олардың 133-і талаптарға сәйкес деп танылды, ал 534 құжат белгіленген нормаларға сай келмейтіні анықталды. Қосымша 376 жоба жазбаша өтінім арқылы қаралып, 51-і сәйкес деп танылды, 48-інде цифрлық базаның болмауы немесе елді мекен шегінен тыс орналасу тәрізді кемшіліктер анықталды.

Спикердің айтуынша, саладағы цифрландыру жұмыстары жалғасады: барлық жобаларды толық цифрлық форматқа көшіру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және жоспарлауға қайшы құрылысқа жол бермейтін шектеулер енгізу көзделуде.

«Бұл шаралар қалалардың және ауылдардың дамуын заңды, ашық әрі жүйелі етуге, ал ең бастысы – азаматтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған», – деді Бақытжан Жүнісбеков.