Өндірістік және басқару процестерін цифрландырудың арқасында отандық кәсіпорындар ашықтықты арттыруды, шешім қабылдау жылдамдығын күшейтуді және ақылды технологияларды меңгеру бағытындағы қызметкерлердің құзіретін арттыру бойынша жаңа корпоративтік мәдениетті қалыптастыруда. Осындай кәсіпорындардың бірі – Шымкенттегі Karlskrona LC AB машина жасау зауыты, Қазақстандағы өнеркәсіпті цифрландырудың көшбасшысы болып саналады.
23 жылдан астам тарихы бар зауыт халықаралық компанияларға арналған сорғы жабдықтарын, электротехникалық өнімдерді және құйма бұйымдарын шығаратын отандық жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі жылына 15 мың данаға дейін жетеді.
Karlskrona LC AB Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы аясында модельдік цифрлық фабрика ретінде таңдалған кәсіпорындардың бірі. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығымен бірге өндірістен бастап басқару және тұтынушылармен жұмысқа дейінгі барлық негізгі бизнес-процестерді цифрландыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.
«Маңыздысы - бізде цифрлық жүйелерді енгізу бойынша өз тәжірибеміз бар, және ең бастысы - ондаған жылдар бойы өзгермей қолданылып келе жатқан жұмысымыздың негізгі қағидаттары бар. Дәл осы ережелер біздің цифрлық өндіріс форматына сәтті көшуіміздің негізін қалады. Мысалы: «Ретсіздікті ешқашан цифрландырма», «Барлығы автоматтандырылуы шарт емес, бірақ бәрі тіркелуі тиіс», немесе «Цехты құрметте: шынайылық сонда көрінеді. Біздің цифрландыруға көшуіміздің сәтті болуының себебі — жаңа бағдарламалық жасақтаманы сатып алуға ғана емес, жүйелеуге, адами факторға және технологияларды кезең-кезеңімен енгізуге басымдық бергенімізде», — дейді «Karlskrona LC AB» ЖШС бас директоры Талғат Алпысбаев.
Биыл кәсіпорында цифрлық шешімдерді енгізудің басым бағыттарын, кезеңдерін және даму мақсаттарын айқындайтын кешенді цифрландыру стратегиясы әзірленді. Құжат классикалық «цифрландыру пирамидасы» қағидаты бойынша жасалған, ол деректерді цифрлық түрде жинаудан бастап интеллектуалды басқаруға дейінгі кезеңдік дамуды көрсетеді.
Цифрлық трансформацияның басым бағыттарының бірі ресурстарды жоспарлауды автоматтандыру. Бірінші кезеңде процестердің логикасы мен деректер құрылымы Google Sheets арқылы тексеріледі. Кейін «СПРУТ-ОКП» жүйесіне өтіп, ол жабдықтар, материалдар мен компоненттердің жүктеу жоспарларын автоматты түрде жасайды.
Келесі кезең – тұтынушылармен өзара әрекеттестікті цифрландыру. Олардың қатынастарын басқару үшін кәсіпорында «Битрикс24» платформасындағы (корпоративтік портал) CRM жүйесі енгізілген. Бұл жүйе ақпаратты орталықтан сақтауға, тапсырыстар мен құжат айналымын басқаруға және бөлімдер арасындағы ішкі байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
Өндіріс саласында Karlskrona LC AB заманауи цифрлық шешімдерді белсенді қолданады. Мысалы, ProCAST – құю процестерін модельдеу және болжау үшін; СПРУТ-ТП – өндірісті технологиялық дайындау және жабдық деректерін басқару үшін; Compass-3D және SolidWorks – өнімдерді 3D-модельдеуге және жобалауға арналған. Бұл жүйелер технологиялық маршруттарды оңтайландыруға, өнім сапасын арттыруға және жобалау циклін қысқартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның пікірінше, цифрлық трансформация адам капиталын дамытпай мүмкін емес. Сондықтан компания қызметкерлердің біліктілігін жүйелі түрде арттырады: интерактивті форматтағы практикалық оқытуды қамтамасыз ететін электрондық оқу материалдары, бейнедәрістер және VR-кешендер жасалуда.
Машина жасау кәсіпорнының тәжірибесі цифрландыруға жүйелі түрде қарау арқылы тек процестерді автоматтандыруға ғана емес, жаңа корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға да мүмкіндік беретінін көрсетеді. Жүзеге асырылған бастамалар өнеркәсіпті цифрландыру жөніндегі Жол картасының тиімділігін растап, басқа кәсіпорындарға үлгі бола алады.
Цифрландыру немесе Индустрия 4.0 – өнеркәсіп саласын дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі фактор. Бұл заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект (ЖИ), бұлтты есептеулер және үлкен деректер сияқты цифрлық технологияларды өндіріс процестері мен жеткізу тізбегіне біріктіруді білдіреді.
Қазақстанның өңдеу секторында цифрландыру тұрақты түрде өсіп келеді. 2024 жылы автоматтандыруға арналған цифрлық құралдары бар кәсіпорындардың үлесі 19,2%-ға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 23%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
«Цифрландырылған» кәсіпорындардың үлесінің артуына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2025–2026 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ҚР Өнеркәсіп жәнеқұрылыс министрлігі мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойған Жол картасы айтарлықтай ықпал етуде. Құжат биыл қыркүйекте қабылданып, осы бағытта қажетті кадрларды дайындау және жалпы ЖИ дамыту бойынша 41 жобаны қамтиды. Жобалар компьютерлік көру мен болжамдық аналитика, роботтандырылған техника мен ұшқышсыз көлік, сандық егіздер мен Big Data, генеративті ЖИ-қолданбалы көмекшілер сияқты бағыттардықамтиды.