
Бүгін Астана қаласындағы Сырбай Мәулен атындағы №37 мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушылары ерекше саяхатқа шықты: олар Минералогиялық музейге барып, елдің жер қойнауындағы байлықтармен танысып, мемлекеттік қызметтің өнеркәсіпті дамытудағы рөлін зерттеді.
Күннің басы мектеп алдында басталды: оқушылар бір-бірімен алдағы сапардан не күтетіндерін бөлісті. Министрлік ұсынған 45 орындық автобуста олар музейге жол тартты, онда оларды Азамат Шалхарбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Кадрлық қызмет департаментінің директоры, және Геология комитетінің,Ақпараттық технологиялар және цифрлық трансформация басқармасының басшысы Айдана Нұржанова қарсы алды.
Қошемет сөзінде мамандар шараның мақсаты — мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен «Адал азамат» бағдарламасының қалай жауапкершілікті және кәсіби қоғам қалыптастыруға көмектесетінін көрсету екенін түсіндірді.
«Араларыңызда ертеңгі геологтар, біздің болашақ әріптестеріміз өсіп келе жатқанына сенеміз. Бұл музей сіздердің мамандық таңдауыңызға жол көрсетіп, геологияға деген қызығушылықтарыңызды арттыра түседі деген ойдамыз»,- деді Азамат Шалхарбаев.
Музейдегі экскурсия шынайы оқиғаға айналды: оқушылар бірегей минералдар коллекцияларымен танысты, бағалы тастар мен металлдардың ерекшеліктерін білді, мамандарға жер қойнауын пайдалану және ресурстарды өндіру туралы сұрақтар қойды. Көпшілігі Қазақстанның жер қазба байлықтарының ел экономикасына қалай әсер ететінін байқап, мамандардың тәжірибелік әңгімелері мен минерал үлгілерін көріп таңданды.
Интерактивті бөлімде оқушылар патриотизм, мемлекеттік қызмет құндылықтары және болашақ кәсіби жолдарын талқылады. Сырбай Мәулен атындағы 37 мектеп-лицейінің педагог-профориентологы Зайра Алимова: «Мұндай экскурсиялар оқушыларға біліммен қатар, азаматтық сана қалыптастыруға да көмектеседі», — деді.
Бұл іс-шара білім тәжірибесін, мамандармен тікелей қарым-қатынасты және интерактивті форматтарды үйлестіре отырып, оқытуды қызықты, әсерлі және мотивациялық ете алатынын көрсетті.