
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Электрондық қаржы орталығы» және «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «Атамекен» палатасының өкілдері үшін бірлескен вебинар өткізді. Онлайн форматта өткен шараға кәсіпкерлер палатасының 20 өңірдегі өкілдігі қатысты. Кездесуде қазақстандық тауар өндірушілер Реестрінің функционалы таныстырылып, өнімді Реестрге енгізуге қатысты сұрақтар талқыланды.
Кездесуді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков ашып, ОТӨ Реестрінің маңызына тоқталып, артықшылықтарын айтып берді. Оның айтуынша, мемлекеттік цифрлық сервис – отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа және тиімді тәсілі, әрі мемлекеттік қолдау мен реттелетін сатып алуларға қатысудың ашықтығын арттыратын маңызды құрал. Сондай-ақ, ол жаңа жүйеге көшу барысында аймақтағы бизнеске ақпараттың уақытылы жетіп, қажет көмектің көрсетілуіне «Атамекеннің» өңірлік өкілдіктерімен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
Вебинар барысында «Электрондық қаржы орталығы» АҚ мамандары цифрлық жүйенің жұмысына егжей-тегжейлі шолу жасады. Кәсіпорынның жеке кабинеті, өнімді Реестрге енгізуге өтінім беру интерфейсі, өтінім беруші өтуі тиіс негізгі қадамдар таныстырылды. Өнім туралы мәліметтер мен өндірістік операцияларды енгізу, цифрлық верификациядан өту және өтінімді салалық комиссияға жіберу барысы қадам-қадаммен көрсетілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «QazIndustry» өкілдері бизнестің сұрақтарына жауап берді, оның ішінде өнімнің шығу тегін растайтын деректерге қойылатын талаптар, СЭҚ ТН кодификациясымен жұмыс істеу ерекшеліктері, өтінімдерді қарау тәртібі және салалық комиссиялардың рөлі жөніндегі сұрақтарға жауап берілді. Әсіресе, сарапшылар өтінімдерді толтыру кезінде жиі жіберілетін қателерден сақтану жолдары, қандай құжаттарды алдын ала дайындау қажет деген мәселелерге жеке тоқталды.
Вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар ОТӨ Реестрін іске қосу және оны одан әрі тиімді жүргізу үшін мемлекеттік органдар, «Атамекен» және бизнес қауымдастық арасындағы өзара іс-қимыл мен тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет деген тоқтамға келді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпорындарға арналған оқыту вебинарларын жалғастыратын болады.
Еске саламыз, ОТӨ Реестріне қатысты алдағы вебинарлар мен оқыту іс-шаралары туралы хабарландырулар Министрліктің сайтындағы арнайы бөлімде және https://t.me/eondiris Telegram-каналында жарияланып отырады.
Вебинардың бейнежазбасы Министрліктің ресми ресурстарында орналастырылды https://youtu.be/F-Nv1ExhBt0