
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. Иран Шархан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулерді ұсынды.
«Қаралып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдаулары негізінде, ең алдымен,жер қойнауына қолжетімділіктің ашықтығы мен цифрландыру тұрғысынан жер қойнауын пайдалану реформасын жалғастыруға серпін беру және нығайту мақсатында әзірленді», – атап өтті Иран Шархан.
Осылайша, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан:
«Жер қойнауын пайдалану құқықтарын қарапайым әрі ашық бөлуге ықпал ететін Бірыңғай платформа іске қосылды. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа қандай жағдай болмасын жалғасуы тиіс. Бұл – Үкімет нық ұстануға тиіс қағидатты ұстаным».
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы келесіні тапсырды:
«Ең алдымен жасанды интеллектті енгізу арқылы бүкіл геологиялық ақпаратты цифрландыру және жүйелеу процесін жеделдету қажет. Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заңнамалық және практикалық рәсімделуін жыл соңына дейін аяқтау керек».
Иран Шархан 2024 жылы жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық жүйесі – Бірыңғай платформа іске қосылып, ол пайдалы қазбалардың қатты және кең таралған түрлерін барлау мен өндіру, сондай-ақ ақпарат алуға қатысты бизнес-процестердің барлығын цифрландырғанын айтты. Қазіргі таңда бұл жүйеде 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Аталған жүйені Кодексте заң жобасымен бекіту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жер қойнауына қол жеткізу механизмі Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы арқылы екі кезеңді блоктық іріктеу процесін қолдана отырып, «бірінші өтінім» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Заң жобасында бұл екі кезеңділік алынып тасталып, өтінімдерді тікелей Бірыңғай платформасы арқылы беру көзделіп, блоктарға қолжетімділік қамтамасыз етілген. Онда барлауға ашық аумақтар мен блоктар беруге тыйым салынған аумақтар – елді мекендер, ұлттық парктер, қорықтар, қорғаныс жерлері және т.б. – интерактивті картада бекітілген.
Бірыңғай платформа арқылы бұрынғы жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтары тоқтатылғаннан кейін және жою жұмыстары жүргізілгеннен соң бос блоктардың айналымы да жүзеге асырылады. Егер өтінім ашылғаннан кейін 10 күн ішінде өтінімдер сәйкес келсе, өтінім берушілер арасында электрондық аукцион өткізіледі. Бұл шара тек процесті цифрландыруды ғана емес, сонымен қатар оны барынша ашық етуді көздейді.
Аукционды қолдану сондай-ақ мемлекеттік есепте әлі де бос тұрған ескі өндірістік қорлар бар аумақтарға да тарайды және мемлекет тарапынан бұрын жасалған барлау және өндіру шарттарын, сондай-ақ шарттан лицензияға ауыстыру кезінде берілген лицензияларды тоқтату жағдайларына да қолданылады. Бұл ретте аукцион басым құқықтары бар индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне және ұлттық компанияларға да қолданылады.
Қатысушылар тарапынан теріс пайдалану мүмкіндігін болдырмау үшін, аукцион өткізу тетігінің өзі де күшейтіледі. Мәселен, жеңімпаздар қол қойылатын бонус төлемін лицензия берілгенге дейін жүзеге асырады, ал бонусты төлеуден бас тартқан жеңімпазға және оның бенефициарларына келесі 5 жыл ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу немесе үшінші тұлғалардан мұндай құқықты сатып алуға тыйым салынады. Бұл шара жаңа инвесторларды тарту процесін барынша ашық әрі әділ етуге бағытталған.
Ашықтықты күшейту жер қойнауы туралы ақпаратты есептілікте немесе Кодекске сәйкес ұсынылатын өзге де құжаттарда жасыру жағдайларына да қатысты болады. Берілетін лицензиялар Бірыңғай платформада орналастырылып, олардың шарттары мен беру тәртібі ашықтық және бәсекелестік қағидаттарына қатаң сәйкес келетін болады. Артықшылық беруге жол берілмейді, әйтпесе мұндай лицензиялар жарамсыз деп танылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы құрылған Ұлттық геологиялық қызмет қазіргі уақытта Геология комитетінің қарамағындағы ұйым және геологиялық ақпаратты басқару жөніндегі операторы болып табылады. Түзетулерде осы рөлді, соның ішінде Бірыңғай платформаны пайдалануды заңнамалық тұрғыда бекіту көзделген.
Иран Шархан қатты пайдалы қазбаларды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру сылтаумен жасырын өндіруге де тыйым салынады және мұндай жағдайлар лицензияның дереу кері қайтарылуына әкелетінін атап өтті. Осы мақсатта тау-кен массасын және топырақты 1000 текше метрден астам көлемде алу, сондай-ақ жартылай өнеркәсіптік сынамаларды алу қатаң реттеліп, мұндай алуға қажеттілігі дәлелденген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Заң жобасында пайдалы қатты қазбалар саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыруға бақылауды күшейту көзделеді. Мұндай жобаларды жер қойнауы учаскесінен бөлуге жол берілмейді. Жаңа жобалар бойынша жұмыс істемейтін жобалардың пайда болуын болдырмау мақсатында жоғары инвестициялық талаптар енгізіледі және бұл қаражаттың бар екенін растайтын тиісті құжаттармен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндай жобалар бойынша лицензиялар ішкі қайта өңдеу нарығын ынталандыратын қатаң талаптармен толықтырылады және Мемлекет басшысының келісімімен, аукционға шығарылатын аумақтар бойынша басым тәртіппен беріледі.
«Ұсынылып отырған заң жобасының нормалары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заңдылық пен ашықтықты нығайтуға бағытталған, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамалық актілерінің ережелеріне қайшы келмейді, республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді», – қорытындылады Иран Шархан.