
Мемлекет отандық кәсіпорындарды дамыту, жаңғырту және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі қолдауды жалғастырып келеді. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 млрд 349 млн теңгеден астам сомаға шығындары өтелді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында орталық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыру және өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарын 1 349 540 880 теңге мөлшерінде өтеді.
Қаражаттың басым бөлігі – 1 млрд 346 млн теңгеден астам сома еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеуге жұмсалды. Бұл қаражат технологиялық процестерді жетілдіруге, қызметкерлердің біліктілігін және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ технологиялық жабдық сатып алуға және басқа да қажетті шығындарға бағытталған.
Есепті кезеңде шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен 61 өтінім мақұлданды. Өтінім беру белсенділігі бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өнеркәсіп кәсіпорындары көш бастады. Салалық тұрғыда ең көп өтінім машина жасау, металлургия, АӨК, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі кәсіпорындарынан түсті.
Аталған шығындардан бөлек, кәсіпорындар өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге қатысты шығындарын да өтей алады. Бұл шығындарға тауарларды сертификаттау, инспекциялық аудиттен өткізу, сондай-ақ аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, сәйкестендіру таңбаларын қоюға қажет жабдықтарды сатып алу шығындары кіреді.
Шығындарды өтеу туралы толық ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сайтынан табуға болады. Өтінімдер онлайн түрде қабылданады.