Қазақстандық тауар өндірушілері Реестрі: оқыту вебинарына 100-ден астам кәсіпорын қатысты

Қазақстандық тауар өндірушілері Реестрі: оқыту вебинарына 100-ден астам кәсіпорын қатысты

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «QazIndustry» АҚ өнімдерін қазақстандық тауар өндірушілер Реестріне қосуға өтінім беретін кәсіпорындарға арнап оқыту вебинарын өткізді. Іс-шараға бизнес пен салалық қауымдастықтардың жүзден астам өкілі қатысты. Бұл — министрлік ұйымдастырған оқыту бағдарламасының алғашқы вебинары. Оның мақсаты - отандық өндірісті растаудың жаңа ережелеріне көшу процесін кәсіпорындар үшін барынша түсінікті әрі жайлы ету.

2026 жылдың 1 қаңтардан бастап ОТӨ Реестрі индустриялық сертификаттар мен СТ KZ сертификаттарының орнын басып, олардың функцияларын бір жүйеге біріктіреді.

Вебинар спикері — «QazIndustry» компаниясының дирекция жетекшісі Жансая Жақыпова. Ол Реестрдің құқықтық негізін түсіндіріп, цифрлық сервистің бизнеске беретін артықшылықтарын атап өтті.

«Бұрын сертификат алу үшін компанияларға өндіріс орнына сарапшыларды шақыру қажет болатын. Енді бұл процесс толық цифрландырылып, адами фактор барынша азайып, ашық бола түсті. Барлық кезеңдерді жеке кабинет арқылы бақылап отыруға болады. Мемлекеттік цифрлық сервис қызметтері тегін көрсетіледі», — деді Жансая Жақыпова.

Оқыту практикалық форматта өтіп, қатысушыларға Реестрдің қалай жұмыс істейтіні көрсетілді, өтінім беру тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріліп, өндірушілер жиі кездесетін жағдайлар талқыланды.

Тауар өндірушілерге ЭЦҚ жарамдылығын, мемлекеттік деректер базасындағы ақпараттың дұрыстығын, сондай-ақ ғимараттар мен жабдықтарға қатысты құжаттарды алдын ала тексеріп, өтінім беруге ертерек дайындалу ұсынылады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек ОТӨ Реестріне тіркелген қазақстандық тауар өндірушілер реттелетін сатып алуларға қатысып, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады.

Алғашқы вебинар жазбасы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми ресурстарында мына сілтеме бойынша қолжетімді.

Оқыту вебинарлары әр бейсенбі сайын өтеді, тақырыбы мен өтетін уақыты министрлік пен «QazIndustry» сайттарында алдын ала жарияланады.