Жәннат Дүбірова ақмолалықтармен кездесті: тұрғындар «ақылды есептеу құрылғыларын» орнату жөніндегі пилоттық жобаға қатысуға ниетті

Жәннат Дүбірова ақмолалықтармен кездесті: тұрғындар «ақылды есептеу құрылғыларын» орнату жөніндегі пилоттық жобаға қатысуға ниетті

31 қазан, Көкшетау. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Алдымен ол Көкшетаудағы iKomek 109 байланыс орталығының, Aqmola Hub цифрлық бастамалар орталығының және Bolashaq Saraiy балалар технопаркінің жұмысымен танысты.

iKomek 109 орталығында Жәннат Дүбіроваға азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу жүйесінің жұмысы таныстырылды. Бұл — халық пен мемлекеттік органдар арасындағы бірыңғай байланыс алаңы. Жүйеге коммуналдық қызметтер де қосылған. 109 нөмірі арқылы келіп түскен барлық өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға бағытталады. 2019 жылы құрылған бұл сервис тәулік бойы жұмыс істейді және азаматтар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.

Көкшетау мақтан тұтатын тағы бір заманауи цифрлық орталық — Aqmola Hub. Мұнда мемлекеттік құрылымдар мен бизнеске арналған IT-жобалар әзірленіп жатыр.

Вице-министр сапарының маңызды тұсы - ақмолалықтармен кездесу болды. Жәннат Дүбірова министрліктің цифрлық трансформация бағытындағы атқарып жатқан жұмысы туралы баяндап берді.

Кездесу барысында ақмолалықарға жаңа мемлекеттік - Smart Turmys платформасы таныстырылды. Бұл — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық контуры, ол су, жарық, жылу, қалдықтарды шығару, газдандыру және басқа да қызметтер бойынша барлық деректерді біріктіреді.

Бұл жүйе Үкіметтің тапсырмасымен әзірленіп жатыр. Тұрғындар бір интерфейс арқылы есепшоттарды, төлемдерді және қызмет көрсету мәртебесін көре алады, ал қызмет көрсетушілер өтініштерді онлайн режимде қабылдап, өңдей алады.

Smart Turmys платформасы бүкіл ТКШ саласы бойынша деректерді жинауға және талдауға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекеттік органдар желілерді жаңғыртуды жоспарлап, ресурстарды тұтынуды болжай алады және көрсетілетін қызметтердің сапасын нақты мәліметтер негізінде бағалайды. Платформа жақын арада іске қосылады.

Ақмолалықтарды ерекше қызықтырған мәселе – ақылды есептеу құрылғыларын орнату.

«Біздің мақсатымыз – әрбір тұтынушыға осындай құрылғы орнату. Сонда азаматтар қызметтер үшін қазіргідей орташа нормамен емес, нақты өзі тұтынған көлем үшін төлейді, – деді вице-министр Жәннат Дүбірова.

Облыс тұрғындары бұл бастаманы қолдап, ақылды есептеу құрылғыларын орнату бойынша пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірді. Сондай-ақ, олар қала құрылысына дрондар арқылы мониторинг жүргізу немесе жүргізушісіз көліктерді сынау секілді өзге де жаңашылдықтардан қалыс қалғысы келмейтіндіктерін жеткізді.

Сапар соңында Жәннат Дүбірова азаматтарды жеке қабылдап, цифрлық сервис, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық саласындағы өзге де өзекті мәселелерді талқылады.