
28–30 қазан аралығында Солтүстік Македония астанасы Скопье қаласында БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК ООН) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) қолдауымен Тұрақты энергетикалық даму жөніндегі он төртінші халықаралық форум (IFESD-14) өтіп жатыр.
Форумның басты тақырыбы – «Мақсаттардан іс-қимылға: тұрақты даму үшін болашақ энергиясы». Алаңға үкіметтер, халықаралық ұйымдар, бизнес пен ғылым өкілдері жиналып, энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру және таза энергияға әділетті көшу мәселелерін талқылауда.
Назарда тұрған негізгі бағыттар – маңызды минералдық ресурстарды тиімді басқару, электромобильділікті дамыту, энергетикалық жүйелерді цифрландыру, метан шығарындыларын азайту, сондай-ақ «жасыл» және энергия тиімді жобаларды қолдау.
Форумда «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Абытов баяндама жасап, Қазақстанның геологиялық деректерді цифрландыру және минералдық-шикізат ресурстарын ұтымды пайдалану саласындағы тәжірибесін таныстырды.
Өз сөзінде Фархат Абытов цифрландырудың жер қойнауын пайдалануда сенімділік пен тиімділіктің негізіне айналып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан минералдық-шикізат базасын басқару үдерістеріне жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп, мемлекет, ғылым және бизнесті біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруда.
Ол сондай-ақ Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы (minerals.e-qazyna.kz), EXia предиктивтік талдау жүйесі және Британ геологиялық қызметімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның Бірыңғай цифрлық геологиялық картасы сияқты негізгі бастамалар туралы жан-жақты айтып өтті.
Форум аясында Қазақстанның Солтүстік Македониядағы елшісімен кездесу өтті. Онда геология саласындағы ынтымақтастықты дамыту, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану тәжірибесімен алмасу және БҰҰ-ның энергетика, климат және экология жөніндегі халықаралық бастамаларына қазақстандық тараптың қатысу мәселелері талқыланды