
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстандық тауар өндірушілер Реестріне енген кәсіпорындар ғана реттелетін сатып алуларға басымдықпен қатысып, қолданыстағы мемлекеттік қолдауды ала алады. Яғни, енді мемлекеттік қолдау шаралары мен сатып алуларға тек Қазақстан Республикасының аумағында нақты өнім өндіретін және осы мәртебесін цифрлық форматта растаған компаниялар ғана қол жеткізе алады.
Компанияның цифрлық профиліне бағалау жүргізілгеннен соң, өнімді ОТӨ Реестріне енгізу туралы өтінімді жеке кабинет арқылы беруге болады. Деректердің бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады, ал жетіспейтін құжаттарды өтініш беруші онлайн түрде тіркейді. Мұндай «бір терезе» қағидаты әкімшілік жүктемені азайтып, тексеру процесін жеделдетеді.
Ұсынылған мәліметтер алғашқы тексеру кезінде пайдаланылады. Осылайша заңды тұлғаның мәртебесі, қызмет түрінің өнімге сәйкестігі және өндірістік процестің жүріп жатқаны расталады. Кейін жүйе цифрлық сәйкестендіру механизмдерін қосып, нақты өндірістің «цифрлық іздерін» анықтайды.
Жүйе тексеріп, жеке кабинетте тіркейтін негізгі деректер:
Заңды мәртебе және реквизиттер. БСН, тіркеу күні, басшының аты-жөні, мекенжай және экономикалық қызмет түрі (ЭҚЖЖ) деректері өтініш берушінің қатысуынсыз мемлекеттік заңды тұлғалар дерекқорынан автоматты түрде алынады. Бұл реквизиттердің дұрыстығын және ақпараттың өзектілігін сақтайды.
Өндірістік алаңдар. Кәсіпорын өндірістік ғимараттардың мекен-жайын көрсетіп, меншік немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттар - сатып алу-сату, жалдау немесе лизинг шарттарын тіркейді. Бұл мәліметтер өнімнің нақты қай жерде және қандай көлемде өндірілетінін сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Жүйеде өндірістік алаңдар туралы деректерді қосуға, түзетуге немесе жоюға болады.
Жабдықтар. Өндірістік процесте нақты қолданылатын жабдықтар тізімі көрсетіліп, тиісті құжаттар (сатып алу-сату, жалдау, лизинг шарттары, бухгалтерлік деректер, техникалық паспорттар) тіркеледі. Әрбір бірлік бойынша атауы, моделі, қолданылу мақсаты мен меншіктік мәртебесі көрсетіледі. Мұндай толық сипаттама кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін қағаз жүзінде емес, шынайы түрде нақтылауға мүмкіндік береді.
Рұқсат құжаттарының бар екені туралы мәліметтер. Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңы бойынша тиісті қызмет түріне немесе операцияға рұқсат алу тәртібі белгіленсе, осындай қызметті (операцияны) жүзеге асыруға арналған рұқсаттама.
Жеткізу тізбегі. Жеке кабинетте жеткізушілер туралы негізгі мәліметтер (БСН, атауы, шарттың нөмірі мен күні) тіркеледі. Әр жазбаға келісімшарт көшірмесі тіркеледі (сомасы мен басқа коммерциялық құпия деректерсіз). Сақталғаннан кейін жеткізушінің карточкасы жасалады, оны өнімге тапсырыс жасау кезінде пайдалануға болады. Бұл жеткізу тізбегінің ашықтығын арттырып, шикізат пен құрамдас бөліктердің жеткізілуін және өндірістің үздіксіздігін дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Цифрлық тексеріс кезеңінде жүйе ұсынылған деректерді ведомствоаралық деректермен автоматты түрде салыстырады: электрондық шот-фактуралар айналымын, экспорт-импорт кедендік статистикасын және өзге де экономикалық көрсеткіштерді талдайды. Бұл айырмашылықтарды анықтап, өндірісті «цифрлық іздер» арқылы растауға мүмкіндік береді.
Өнімді Реестрге қосу үшін қажетті өндірістік және технологиялық операциялардың шарттарымен мына жерден танысуға болады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрі» мемлекеттік цифрлық сервисі - Республика аумағында нақты өнім өндіретін өндірушілер туралы сенімді деректерді біріктіретін негізгі құралға айналады. Жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, локализация дәрежесін тексеруді жеңілдетіп, мемлекеттік қолдау шараларын алып, сатып алуларға қатысу процесін қолжетімді ете түседі.