Энергетиктер қазақстандық тауар өндірушілер Реестрінің құрылуын қолдайды

Энергетиктер қазақстандық тауар өндірушілер Реестрінің құрылуын қолдайды

Алматы, 23 қазан 2025 жыл. QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова Powerexpo Almaty 2025 форумында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп жатқан мемлекеттік цифрлық сервис – Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрінің құрылу барысы туралы айтып берді. Реестр Президенттің тапсырмасымен, отандық өндірушілерді қорғау, ішкі және сыртқы нарықтарда қазақстандық өнім үлесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың аясында әзірленіп жатыр.

«Отандық өндірушілердің экономикадағы жаңа рөлі» атты сессия барысында Жансая Жақыпова кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, Реестрдің басты артықшылықтарын атап өтті.

«Біз Реестрдің іске қосылуын асыға күтіп жүрміз. Бұл бастаманы Қазақстанның энергетикалық компаниялары мен энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығы қолдайды, бұл қатарға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қосылады деп сенеміз. Біз бірге жұмыс істей отыра, жосықсыз кәсіпкерлікке тосқауыл қойып, шынайы тауар өндірушілерге қолдау көрсетеміз. Осылайша ортақ  мақсатымыз – қазақстандық өнім үлесін арттыра аламыз», - деді сессия модераторы, қауымдастық төрағасы Сергей Агафонов.

Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрі барлық отандық өндірушілер үшін басты әрі маңызды тақырып. Әсіресе, отандық бизнес қауымдастықты жалған локализация мәселесі алаңдатып отыр. «Реестрдің басты мақсаты – адал өндірушілерді қорғау», – деп атап өтті Жансая Жақыпова. – «Цифрлық верификация кезеңінде-ақ «made in Kazakhstan» деген таңбамен импорттық өнімді сататын жосықсыз компаниялар анықталып, шеттетіледі. Бұдан бөлек, жүйе деректердің өзектілігін тұрақты түрде бақылап, бұл процеске адамның араласуын барынша азайтады. Біз бизнеске ыңғайлы жағдай жасап, Реестрдің отандық өндірушілердің мүддесін қорғауда сенімді құрал болатынына сенеміз».

Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрі – бұл ашық критерийлер мен цифрлық тексеру арқылы отандық өнімді растауға негіз болатын мемлекеттік цифрлық сервис.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол индустриялық сертификаттар мен CT-KZ сертификаттарын алмастырады.

Реестрге қосылған адал қазақстандық өндірушілер  қолданыстағы мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады.