Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің «Қолжетімді инфрақұрылым» жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырысқа ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мынбаев қатысты. Ол инклюзивті инфрақұрылым қалыптастыруда жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, қолжетімділік мәселелері жобалау мен құрылыс жүргізудің барлық кезеңдерінде ескерілуі тиіс екенін айтты.
Негізгі мақсат – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында нормативтік-техникалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар таныстырылды, қолжетімділікті қамтамасыз етудің құқықтық аспектілері қарастырылды, сондай-ақ жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалар талқыланды.
Қатысушылар мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, әмбебап дизайн қағидаттарын енгізу және жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Отырыс қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленді.