Отандық тауар өндірушілер Реестрі: қолжетімді мемлекеттік қолдау

Отандық тауар өндірушілер Реестрі: қолжетімді мемлекеттік қолдау

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Электрондық қаржы орталығы» АҚ бірлесіп, мемлекеттік цифрлық сервис – отандық тауар өндірушілер Реестрін әзірлеп, іске қосуға дайындық үстінде. Министрлік Реестрді отандық өндірісті дамыту, қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат шеңберінде іске асырып жатыр.          

Адал жұмыс істейтін тауар өндірушілер ОТӨ Реестріне қосылып, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады.

Қабылданған шаралар салаға оң ықпал ете бастады. Біріншіден, соңғы жылдары отандық өндірушілерден басымдықпен сатып алынатын тауарлар тізімі 2,7 есеге ұлғайып, 4,8 мыңнан астам өнім атауын қамтып отыр. Бұл – отандық тауар өндірушілердің өніміне сұранысты тұрақтандырып, өндірістік қуатын толық пайдалануға мүмкіндік береді.   

Екіншіден, қаржылық жүктемені төмендету үшін қосымша қолдау тетіктері көзделген. Мысалы, мемлекеттік келісімшарт жасасқан сәтте отандық өндірушілерге 30% мөлшерінде алдын ала төлем беріледі, әрі шартты орындауды қамтамасыз ету талап етілмейді. Айыппұл мөлшері бұрынғы 10-нан 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл шаралар өз нәтижесін беріп те жатыр. Жыл басынан бері отандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар құны шамамен 400 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылдың көрсеткішінен 2 есе жоғары.

Отандық өндірісті ынталандырудың тағы бір жолы – отандық кәсіпорындардың өнімін сатып алуға кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар. Биылғы 9 айда мұндай келісімдер құны 900 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғы жылдық көрсеткіштен төрт есе көп.

Бұдан бөлек, тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мүмкіндігі бар, бұл өзара әрекеттесуді жеңілдетіп, жобаларды іске асыруды жеделдете түседі.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша құны 1,5 трлн теңге болатын 1370 ұзақмерзімді келісімдер мен офтейк-шарттар жасалды. Бұл отандық кәсіпорындардың нарықтағы орнын нығайтып, импортқа тәуелділікті азайтады.

Реттелетін сатып алу саласындағы заңнамалық өзгерістер мен жаңа нормаларда отандық өндірушілерге басымдық берілді. Мысалы, ірі тапсырыс берушілер – ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар, жүйе құраушы кәсіпорындар елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауға міндеттеледі. Үкімет 2026 жылға қарай жергілікті қамту үлесін 60 %-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Бұл реттегі нәтиже: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында реттелетін сатып алулардағы отандық үлес шамамен 50 % жетті.

«Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үшін стратегиялық басымдық. Мемлекет тек жеңілдіктер ұсынып қана қоймай, өндірісті дамытуға, өнім сапасын арттыруға және Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандыратын жүйе қалыптастырып жатыр. ОТӨ Реестрі - осы міндеттерді шешуде маңызды құралға айналып отыр. Реестр өндірушілер мен олардың өндірістік қуаты туралы шынайы ақпаратты біріктіреді, бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шараларының тиімділігін арттырады», – дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент басшысы Айдын Рақымжан.

ОТӨ Реестрінің іске қосылуы қазақстандық өндірушілерге мемлекеттік қолдауды  бұрынғыдан да жақын әрі тиімді ете түседі.