ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Электрондық қаржы орталығы» АҚ бірлесіп, отандық тауар өндірушілер реестрінің (ОТӨ реестрі) прототипін сынақтан өткізіп жатыр. Бұл - мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланысты ашық, жедел әрі ыңғайлы ете түсетін цифрлық мемлекеттік сервис. ОТӨ Реестрі прототипін тестілеуге 36 кәсіпорын қатысуда.
ОТӨ реестрі Қазақстанның өнеркәсіптік цифрлық экожүйесінің бір бөлігіне айналып, ұлттық өндірушілер туралы нақты деректердің бірыңғай көзі ретінде қызмет атқарады. Мұнда әр кәсіпорынның цифрлық профилі жасалып, тіркеу деректері, өндірістік ғимараттар мен жабдықтар туралы ақпарат, лицензиялар мен сертификаттар, жеткізушілер мен шығарылатын өнім туралы мәліметтер қамтылады.
Тіркеуден соң өндірушілер жеке кабинеттеріне қол жеткізіп, онлайн режимде отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға өтініш беріп, видео арқылы өндірістік процессті көрсетіп, ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қойып, барлық процесті өзі бақылап отырады. Жүйе «ЗТ МДБ», «Е-лицензиялау» және басқа да мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілетін болады, бұл мәліметтердің өзектілігін сақтап, қолмен мәлімет енгізу көлемін азайтады.
Тестілеуге қатысушылар түрлі сала мен аймақтардан шақырылды. Бұл жүйені ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан бастап шағын цехтарға дейінгі өндірістік жағдайларда тексеруге мүмкіндік берді. ОТӨ реестрі прототипін сынақтан өткізуге елдің 13 өңірінің кәсіпорындар қатысуда. Олардың ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан және Абай мен Ұлытау облыстарынан 19 ірі, 6 орта және 11 шағын компания бар. Олар машина жасау, автокөлік өндірісі, электротехникалық және электрондық өнеркәсіп, химия, тоқыма, фармацевтика, ағаш өңдеу өнеркәсібі мен металлургияны қамтиды. Мұндай әртүрлілік жүйенің техникалық және функционалдық мүмкіндіктерін тексеріп, интерфейс пен сервисті жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар жинауға мүмкіндік береді.
«ОТӨ реестрі – бұл жай ғана цифрлық деректер базасы емес, бұл мемлекет пен бизнес арасындағы сенім құралы. Біз ондаған анықтаманы алмастырып, нақты өндірістік деректерге сүйене отырып қазақстандық өндіруші мәртебесін растайтын жүйе жасап жатырмыз. Бұл – мемлекеттік қолдауды ашықәрі тиімді ету жолындағы маңызды қадам. Қазір өндірушілерден түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл ұсыныстар реестрді өндірістік пайдалануға енгізбес бұрын оны жетілдіруге негіз болады», - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
«Біз Реестрді әу бастан түсінікті, логикалық және визуалды түрде жеңіл жүйе ретінде жобаладық. Біздің мақсатымыз –ұзақ нұсқаулықсыз, жинақы әрі түсінікті жүйе жасау. Яғни, өндіруші жүйеге кірді, өтінімді қалай беру керектігін көрді, мәліметтерді жаңартты, құжаттарды оңай тіркеді. Дәл қазір кәсіпорындардан кері байланыс алып жатырмыз, бұл маңызды кезең», – дейді «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Сыдықов.
Тестілеу нәтижесі бойынша әзірлеушілер барлық ұсыныстар мен ескертулерді егжей-тегжейлі талдайды. Соңғы түзетулерден соң цифрлық сервис өндірістік пайдалануға енгізіледі. Осылайша өз өнімін растай отырып, ел экономикасын еселей түсетін адал өндірушілердің ортақ алаңына айналады.