Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Кажкеновтің төрағалығымен 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енген «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының нормаларын түсіндіруге арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында тұрғын үй қоры саласындағы өзін-өзі басқару реформасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын және Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екені айтылды. Қабылданған өзгерістердің негізгі мақсаты — көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінің ашықтығын, тиімділігін және қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ тұрғындарға басқару нысанын таңдау құқығын беру болып табылады.
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «ҚазОрталық» АҚ өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, жаңартылған заңнама нормаларын өңірлерде іске асыруды қамтамасыз ету, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғын үй қорына ревизия жүргізу және қолданыстағы ПИК-терді қайта тіркеуді жүзеге асыру, сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін тұрғын үй инспекцияларының интернет-ресурстарында тиісті тізілімдерді орналастыру тапсырылды.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-на заң нормаларының орындалуын мониторингтеу, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлерде түсіндіру жұмыстарын күшейту және халыққа әдістемелік көмек көрсету тапсырылды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жүктелді.