Жасанды интеллект кен орындарын дәлірек модельдеуге көмектеседі

Жасанды интеллект кен орындарын дәлірек модельдеуге көмектеседі

 Геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру жұмысына “Қазақмыс” жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізуде. 2025 жылғы мамыр айында іске қосылған Grade Copilot модулі бар жаңа Micromine Advance жүйесі кен орындарын жылдам әрі дәл модельдеуге мүмкіндік береді. Бұл өндірістің тиімділігін арттырып, деректердің барынша дәл болуын қамтамасыз етеді.

Бұл инновация Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған цифрландыру бағытына жасалған нақты қадам болды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект «қуатты, әділетті және қауіпсіз Қазақстан құру үшін керемет мүмкіндік ашатынын» атап өтті. «Қазақмыс» компаниясы бұл сөздің нақты өндірістік үдерісте жүзеге асып жатқанын өз үлгісінде көрсетуде.

Ташкентте өткен Micromine пайдаланушыларының VIII Орталық Азия конференциясында компания мамандары қолданысқа енгізілген жүйенің алғашқы жетістігі жайлы айтып берді.

Геологиялық барлау департаментінің директоры Бекасыл Аукешев Weir Group Digital-дивизионының президенті Кристен Уолшпен (Ұлыбритания) және халықаралық сату жетекшісі Грег Слэйтермен (АҚШ) келіссөз жүргізді. Қатысушылар бағдарламалық шешімдерді дамыту, ЖИ құралдарын қолдану және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін талқылады.

Қазір компанияда геологиялық деректерді, оның ішінде өткен жылдардың мұрағаттық материалдарын цифрландыру жүріп жатыр. Геоақпаратты сақтаудың бірыңғай корпоративтік стандарты құрылуда. Ал Micromine бағдарламалық өнімдері барлаудан бастап өндіруді жоспарлауға дейінгі барлық кезеңде қолданылуда.

2025 жылдың соңына дейін «Қазақмыс» Micromine Advance және Alastri жаңа модульдерін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өндірістік үдерістердің толық цифрлық интеграциясына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Конференцияда геолог Жан Шомытов Жаман-Айбат кен орны бойынша жүргізген зерттеуін таныстырды. Micromine бағдарламасының көмегімен мамандар мыстың минералдануы мен тектоникалық бұзылыстар арасындағы байланысты анықтап, геологиялық құрылымдарды талдауда ЖИ қолдану тиімді екенін  растады.

Бүгінде Қазақмыста Micromine бағдарламасын 400-ден астам маман қолданады. 300-ге жуық лицензия мен 1400-ден астам модуль бар. Деректердің 90%-дан астамы цифрлық форматқа көшірілді, ал 500-ден астам маман оқытудан өтті. Олардың басым бөлігі халықаралық сертификатқа ие болды.

Осы қадамдардың арқасында корпорация Қазақстандағы тау-кен өндірісі саласын цифрландыру бағытындағы көшбасшылығын нығайтып, Мемлекет басшысы алға қойған – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды өнеркәсіпте дамыту міндетін жүзеге асырып жатыр.