Дюссельдорф, 2025 жылғы 7 қазан – Дюссельдорф бизнес қауымдастығында «Қазақстан – Солтүстік Рейн-Вестфалия: өнеркәсіп, шикізат және технология салаларындағы ынтымақтастық және серіктестік» тақырыбында Іскерлік дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға өнірдің экономикалық және қоғамдық топтарының 60-қа жуық өкілі қатысты.
Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға Солтүстік Рейн-Вестфалияның Экономика, өнеркәсіп, климатты қорғау және энергетика министрлігі, «NRW. Global Business» агенттігі, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі және Дюссельдорф Сауда-өнеркәсіп палатасы атсалысты.
Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Онжанов қатысушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектілерімен, сондай-ақ Германиямен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарымен таныстырды.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков аудиторияны Қазақстанның индустрияландыру және оның өнеркәсіптік әлеуетін жаңғырту жоспарларымен таныстырып, елдегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы баяндады. Неміс бизнесі өнеркәсіптік сектордағы ең белсенді серіктестердің бірі, ГФР инвестицияларының 90%-дан астамы өңдеу жобаларына тартылатыны аталып өтті. Қос тарап металлургия, аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары бірлескен өндірістерді ашу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ерекше қызығушылық танытуда.
Солтүстік Рейн-Вестфалияның Экономика, өнеркәсіп, климатты қорғау және энергетика министрлігінің статс-хатшысы Пауль Хёллердың айтуынша, жергілікті бизнес өкілдерінің Қазақстанмен байланыстарын одан әрі кеңейтуге ниеті айтарлықтай жоғары. Өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, металлургия, химия, көлік және логистика, жасыл энергетика, ғылым және инновация салаларында озық технологиялары бар неміс компаниялары өз тәжірибесін ұсынуға дайын.
Неміс шикізат агенттігінің директоры Петер Буххольц аса маңызды шикізат саласындағы перспективалық жобаларды іріктеу және ілгерілету бойынша жүргізілетін жұмыс туралы бөлісті.
Дөңгелек үстел қатысушылары іскерлік байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында диалогты одан әрі тереңдету жолдарын талқылады.
Солтүстік Рейн-Вестфалия – Германияның ең ірі экономикалық орталығы, оның 2024 жылдағы жалпы өңірлік өнімі 870 млрд еуродан асты.
Дереккөз: ҚР СІМ сайты