«AMANAT» партиясында жылыту маусымына дайындық және ТКШ-ны жаңғырту мәселелері талқыланды

«AMANAT» партиясында жылыту маусымына дайындық және ТКШ-ны жаңғырту мәселелері талқыланды

«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің «2025–2026 жж. жылыту маусымына дайындық» тақырыбындағы отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев төрағалық етті. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Энергетика, Су ресурстары және ирригация вице-министрлері, сондай-ақ өңірлердің әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Отырыста ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі ретінде аталды.

Қуандық Қажкенов өз баяндамасында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаттары мен міндеттерін, қаржыландыру тетіктерін және басқа да ерекшеліктерін атап өтті.

Ұлттық жобаның негізгі міндеттері:

  1. Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және салу;
  2. Ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды тарту;
  3. Ел ішіндегі құндылықты арттыру және т.б.

Ұлттық жобаның басты мақсаттарының бірі – инвестициялар тарту арқылы ел бойынша желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету.

Министрлік аясында шамамен 8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту, сондай-ақ 45 кәріз-тазарту құрылысы жобасын іске асыру жоспарланып отыр.