Ақтөбе облысында қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған жаңа технология іске қосылды

Ақтөбе облысында қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған жаңа технология іске қосылды

Ақтөбе облысында қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған жаңа технология – ERG Green флотация учаскесі іске қосылды. Бұл технология ондаған жыл бойы қордаланған өндірістік шламдарды құнды шикізатқа айналдырып, табиғатқа түсетін салмақты азайтып әрі айтарлықтай экономикалық пайда әкелмек. Жобаға ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰҚ» АҚ 20,6 млрд. теңгеден астам қаржы құйды.

Флотация әдісі негізінен түсті және қымбат металдарды байытуда қолданылады. Ал хром өнеркәсібінде мұндай тәсіл – сирек әрі тың шешім. ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы әзірлеп, патенттеген технология ультражұқа бөлшектерден де хромды бөліп алуға жол ашты. Бұған дейін мұндай қалдықтар өңдеуге жарамсыз саналып келген.

Флотациялық учаске – Топтың Экостратегия аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинатында іске асып жатқан ERG Green бағдарламасының жаңа кезеңі. Негізгі мақсат – ондаған жылдар бойы қордаланған қалдықтарды өндірістік айналымға қосу.

«ERG 2024 жылдың соңында қабылданған жаңа Даму стратегиясына сай, заманауи технологияларды енгізумен қатар, өзіміздің де бірегей шешімдерімізді әзірлеуге басымдық беріп келеді. ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы әзірлеген шлам қалдықтарынан хромды флотациялау технологиясы – соның айқын дәлелі», – атап өтті ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.

2023 жылы Дөң тау-кен байыту комбинатында ERG Green бағдарламасының алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, шламды гравитациялық әдіспен байытатын бірегей фабрика іске қосылғанын еске салған жөн. Нәтижесінде құрамында кемінде 48,5% хром бар тауарлық концентрат алынады. Дегенмен, одан кейін де құрамында хромы бар қалдықтар қалады. Жаңа флотациялық учаске сол өте ұсақ қалдықты өңдеп, бағалы металды бөліп алуға арналған.

Жалпы бағдарлама аясында шамамен 14,5 млн тонна қордаланған шламды қайта өңдеу көзделген. ERG Green жобасына құйылған жалпы инвестиция көлемі 96 млрд теңге.