Алматы қаласында 30-шы мерейтойлық Халықаралық «Тау-кен жабдықтары, кен мен минералдарды өндіру және байыту» – Mining & Metals Central Asia 2025 көрмесі басталды. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде тау-кен және тау-металлургиялық саланың жетекші ойыншыларын, мемлекеттік қызметшілерді, сарапшылар мен бизнес қауымдастығын жинайды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан «Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, сандық трансформация және тау-кен металлургиясында халықаралық ынтымақтастық» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі.
«Тау-кен металлургия өнеркәсібі дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасының негізгі элементтерінің бірі болды – бүгінде олар ЖІӨ-нің шамамен 8%-ын құрайды және тұрақты өсу мен инвестиция көзі болып қала береді», – атап өтті Иран Шархан.
Қатысушылар арасында ҚР Қаржы министрі Мади Такиев, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, Тау-кен және тау-металлургиялық кәсіпорындар республикалық қауымдастығы, Қазақстанның тау-кен палатасы, «Qazindustry» АҚ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ ERG, KAZ Minerals, Kazakhmys және Kazzinc сияқты жетекші тау-кен компанияларының өкілдері болды.
Одан бөлек, көрме аясындағы іскерлік бағдарламада саланың болашағын қалыптастыратын стартаптар мен инновациялық жобаларды көрсететін Startup Showcase, сондай-ақ қатысушыларға заманауи технологиялық шешімдермен танысуға мүмкіндік беретін Epiroc, Proftec және Композит компанияларының семинарлары мен оқыту бағдарламалары қарастырылған.
Мемлекеттік органдар, жетекші университеттер, ірі тау-кен компаниялары және халықаралық әзірлеушілер қатысуымен өтетін «Тау-кен металлургиясының қазіргі заманғы мәселелеріне жасанды интеллект негізіндегі шешімдер» тақырыбындағы панельдік кейс-сессияға ерекше назар аударылған.
Биыл «Ұлттық Геологиялық Қызмет» АҚ өз қызметінің маңызды бағыттарын, соның ішінде сандық және баспа карталарын, геологиялық анықтамалықтарды және саланың инновациялық жобаларын ұсынады.
Компанияның экспозициясы қатысушыларға Қазақстанның геологиялық ресурстары, қазіргі заманғы барлау әдістері және мемлекеттік органдармен ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы толық ақпарат береді.